Түркістан облысында 32 ауыл әлі күнге дейін интернетсіз отыр. Өңірдегі байланыс сапасын жақсарту үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр? 5G желісі қай аумақтарға жетті? Ал базалық станцияларды орнатуға қарсылық білдіретін тұрғындар интернеттің сапасына қалай әсер етеді? Сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік, цифрландыру және жасанды интеллект бағытында жүзеге асып жатқан жаңа жобалар туралы толығырақ алдағы сюжетте.
Түркістан облысында 801 ауылдың 769-ына интернет бар. Ал қалған 32 ауылға интернет кезек-кезеңмен тартылады. Облыс әкімдігінде өткен жиында облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарып жүрген Байдәулет Абайдың айтуынша, 200-ге тарта аумаққа 5G базалық станцасы іске қосылған. Байланысы әлсіз деп танылған 72 ауылдың мәселесі шешілген.
Жиында Байдәулет Абай радиофобия мәселесін де айтып өтті. Оның сөзінше, бұл аймақта интернет желісінің нашарлауына әсер етеді. Мысалы, Түркістан қаласында 5 интернет нүктесіне қатысты шағым түскен. Сондықтан ол тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын жүргізуді ұсынды. Бұдан бөлек жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров цифрландыру, байланыс пен интернет инфрақұрылымын дамыту, қоғамдық қауіпсіздік және жасанды интеллект жобалары туралы сөз қозғады.
Ресми мәліметке қарағанда, облыста қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында 2 мыңға тарта бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында тағы 8 мың камера мен 750 аппараттық-бағдарламалық кешенді орнату басталған. Сонымен бірге мектептердегі интернет сапасын онлайн бақылау, әкімдікке арналған жасанды интеллект көмекшісі, геоақпараттық портал арқылы заңсыз құрылыстарды анықтау және 109 бірыңғай байланыс орталығының жұмысын цифрландыру жобалары іске асырылып жатыр.
Дилара Иса






