Тараз қаласының №2 соты психотроптық заттарды өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы заңсыз иемдену және сақтау фактісі бойынша азаматша Ж.-ға қатысты қылмыстық істі қарады (ҚК 297-бабы 3-бөлігінің 1), 3) тармақтары).
43 жастағы сотталушы Ж. Алматы қаласында жұмыссыз болып, Telegram мессенджері арқылы табыс туралы хабарландыруға жауап беріп, оған Тараз қаласы бойынша «есірткі жасырушы» жұмысын ұсынған екі белгісіз тұлғамен сөз байласқан. Алматыдан келгеннен кейін, ол кураторлардан есірткі жасырынған орындардың координаттарын алып, оларды алып, бөліп, орап, қаланың әртүрлі жерлеріне орналастырып, кураторларға суреттер мен координаттарды жолдаған. Әр жасырылған есірткілер үшін оған 2000-2500 теңге уәде етілген.
2026 жылдың сәуірінде сотталушыны полиция қызметкерлері кезекті есірткі жасыру кезінде ұстаған. Тінту барысында одан жалпы салмағы 123 грамнан асатын психотроптық a-PvP заты бар түйіншектер, электронды таразылар, орауыш материалдар және басқа да заттар табылған.
Кінә жеке тінту хаттамаларымен, сотталушының айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және заттай дәлелдемелермен дәлелденді. Прокурор сотталушыны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, оған ең жеңіл жаза тағайындауды сұрады. ҚК 297-бабы 3-бөлігінің санкциясы мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Сот соттылықтың жоқтығын, кінәсін мойындауын және жасаған ісіне өкініш білдіруін жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот үкімімен Ж. ҚК 297-бабы 3-бөлігінің 1), 3) тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, оған 7 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.







