Úı ANONS Облыс әкімі: «Бұл жерде адам өмірі тұр»

Облыс әкімі: «Бұл жерде адам өмірі тұр»

 Түркістан облысында жұмыссыз әрі оқымайтын жастардың саны 4 мыңға қысқарды. Жастарды жұмыспен қамтуда қандай нақты нәтижелер бар? Облыс әкімі Нұралхан Көшеров неге «Бұл жерде адам өмірі тұр» деп қатаң талап қойды. Жастар арасындағы қылмыстың алдын алу, жасанды интеллект пен ғылымға қызығушылықты арттыру және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жаңа міндеттер туралы облыс әкімдігінде өткен жиында айтылды.

Түркістан облысында жұмыс істемейтін, оқымайтын және кәсіби даярлықтан өтпеген жастардың саны 4 мыңға азайды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қатысуымен өткен мәжілісте мәлім болды. Бұған дейін бұл санаттағы жастардың саны 12 мыңнан асса, бүгінде 8 мыңға дейін төмендеген. Сондай-ақ олардың 1600-ге жуығы «Мансап» орталықтары арқылы тұрақты жұмыспен қамтылды.

Жиында облыс әкімі жастарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, қылмыс деңгейін төмендету және белсенді жастарды қолдау бағытындағы жұмысты күшейту қажеттігін айтты. Оның сөзінше, жастар арасында цифрландыру мен жасанды интеллект салаларын дамыту, сондай-ақ ғылыми-техникалық мамандықтардың маңызын кеңінен насихаттау қажет.

 

Аймақта 18 Жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Олардың жанында 150-ге жуық еріктілер ұйымы бар. Жалпы облыста 30 мыңға жуық ерікті тіркелген. Бұдан бөлек, өңірде 1500-ден астам жастар үйірмесі жұмыс істейді. Ал биыл «Бастау бизнес» жобасы аясында 1140 жас мемлекеттік қолдауға ие болып, өз кәсіптерін ашқан.

Дилара Иса