Банктік кәртішкеден ақша аударып алған жас жігіт ұсталды

123

Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші жас жігіттің айтуынша оның банктік кәртішкесінен белгісіз тұлға 180 000 теңгеден астам ақшасын заңсыз аударып алған. Содан өзіне тиесілі қаражатты нақты кім алғанын анықтап беру үшін полицейлерге шағымданып, көмектесуін сұрайды. Аталған жайтты полиция қызметкерлері СДТТБТ-ға тіркеп, ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тексеруді бастады.

Орын алған қылмысты ашу мақсатында жедел-тергеу тобы шұғыл әрекет етті. Қажетті шараларды іске асырды. Жәбірленушінің жауабы арқылы күмәнді таныстары тексерілді. Соның нәтижесінде полицейлер жәбірленушінің банктік кәртішкесінен ақша жымқырған жатақханада өзімен бірге тұратын танысы екенін анықтады. Белгілі болғандай бөлмелес досы оның ақшасын, ұялы телефондағы банктік қосымша арқылы өзіне аударып алған. Оған қоса ақшаны құмар ойын ойнауға жұмсағаны айқындалды.
Қазіргі таңда полицейлер оқиғаның толық мән-жайын анықтауда. Өзгенің ақшасын заңсыз иемденіп алған күдікті жас жігіттің бас шарасы «қолхатта».

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға ескертеді. Өзіңізге ғана белгілі банктік кәртішкеңізді, есепшотыңыздың құпия сандарын ешкімге көрсетпеңіз, айтпаңыз, сенім білдірмеңіз. Ұры-қарының құрбаны болмау үшін барынша сақ болыңыз. Қазір тіпті телефон нөмірдің өзі алаяқтарға үлкен мүмкіндік береді.
Егер сіз өзгенің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға 102 телефоны арқылы хабарласыңыз.

QAINAR KÓZТО ПД-ның баспасөз қызметі