Елімізде көлік ұрлау дерегі соңғы кездері жиілеп кеткен. Өткен аптаның өзінде 100-ден астам автокөлікті ұрылардың олжасы болыпты. Алаяқтар да бұ бойынша ерекше әдісті меңгеріп алған дейді погондылар. Яғни, шетелден несиеге автокөлік сатып алып, оны Қазақстанға алып келгеннен соң, банке берешегін төлемей жүреді екен. Сонымен қатар, ішкі істер министрлігі кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдерге қатысты жол-көлік оқиғасы көбейгенін айтады.

Елімізде 1 аптаның ішінде 110 көлік ұрланған. Оның ішінде 7 қылмыстық топ жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі хабарлады. Көлік ұрлаушылардың сүйікті маркалары: Mercedes, Toyota, Mazda, BMW, Volkswagen және Lexus екен. Ұрланған темір тұлпарлардың басым бөлігі Алматы, Алматы және Қостанай облыстарынан табылыпты.

Қанат Нұрмағамбетов, ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары: «Көлігіңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оған жеке өзіңіз мұқият болуыңыз қажет. Автокөлікті ашық күйде және кілтті ішінде қалдырмаңыз. Көлікті түнде тұраққа қояр кезде гаражды немесе күзетілетін автотұрақты пайдаланыңыз. Оны ұрлыққа қарсы қорғаныс құралдарымен және GPS маяктарымен жабдықтаңыз. Темір тұлпарыңызда құжаттар мен құнды заттарды қалдырмаңыз. Жеке тұлғалардан автокөлік сатып алу кезінде белгіленген құжаттарды талап етіңіз».

Қазақстанда алаяқтар да сан түрлі қулыққа барып жүр. Полицейлердің айтуынша, арампиғылдылар оңай олжаға кенелу үшін лизинг пен несие қолданады. Олар алдымен көліктерді Ресейде ұзақ мерзімге жалға алып, алғашқы төлем жасайды. Кейін Қазақстанға алып келеді.

Қанат Нұрмағамбетов, ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары: «Бірінші ай лизинг немесе несиеге төлейді. Содан кейін көлікті Қазақстан аумағына айдап алып келіп, біздің аумағымызда сатады, оны республика азаматтарына рәсімдейді. Лизингті немесе несиені төлеуді тоқтатқаннан кейін лизингтік компания бұл машинаға іздеу салады».

Погондылардың айтуынша, балалардың жолдағы қауіпсіздігі маңызды және өзекті тақырып. Өкінішке қарай, республикадағы әрбір төртінші жол-көлік оқиғасы кәмелет жасына толмағандардың қатысуымен жасалады. Жыл басынан бері 90 бала апатты жағдайдан көз жұмған.

Нұрділдә Ораз, ҚР ІІМ өкілі: «Жыл басынан бері осындай жол-көлік оқиғаларынан 90 бала көз жұмып, 1 860 бала жарақат алды. Пандемия және халықты әлеуметтік оқшаулау кезеңінде, оқушылардың көпшілігі қашықтан оқыту форматқа көшірілген кезде, жас ұрпақ арасында білім беру және құқықтық түсіндіру жұмысының көлемі де төмендеді. Осыған байланысты 23 тамыздан бастап оқу жылының басталуы қарсаңында Ішкі істер министрлігі «Назар аударыңыз – балалар!» іс-шарасын ұйымдастыруда».

Ел Президенті «Қайсар-2021»оқу-жаттығу жиынына қатысып, ел полициясының дайынығына баға берді. Мемлекет басшысына іс-шара барысында жаттығу жүйелері, скалодром, оқу орталығының мультимедиа тирі, сондай-ақ қызметкерлерді арнайы даярлау элементтерімен көрнекі қойылымдар көрсетілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілердің біліктілігін арттыру үшін озық халықаралық тәжірибені мұқият зерттеп, қолдану қажеттігін атап өтті.

Әлихан Файзханов