Бір көшенің бойында той ұйымдастырған 2 бірдей тойхана анықталды

251

Шымкентте Т. Өтегенов көшесінде бір мезетте той жасамақ болған 2 тойхана анықталды. Абай ауданы әкімінің орынбасары Есімжан Занкоев бастаған мониторинг топ карантин талабы режимін сақтамай, жасырын той өткізбек болғандарды құрықтады. Қазіргі таңда тойхана иесі мен той жасамақ болғандардан түсініктеме алынды.

Шымкентте эпидахуалдың күн сайын өрши түскеніне қарамастан той жасаушылар азаймай тұр. Бүгін бір көшенің бойында той ұйымдастырған 2 бірдей тойхана анықталды. Қонақтар бірінде қыз ұзатуға, екіншісінде сүндет тойға жиналған. Абай ауданы әкімінің орынбасары жетекшілік еткен мониторингтік топ карантин талабын ескермей, жасырын мереке ұйымдастырғандарды ұстады. Екі тойға да 100-ге жуық қонақ келген.

Есімжан Занкоев, Абай ауданы әкімінің орынбасары: «Рейд жасау барысында осы Т. Өтегенов көшесінде тойхана анықталды. «Эстрелла» тойханасында қыз ұзату тойы болып жатқаны анықталды. Одан мынау «Гранд Кинза» тойханасында жоспарланып жатқан сүндет той анықталды. Қазір екеуі де тоқтатылып жасалып жатқан, қонақтардың бәрі тарқатылды».

Түсірілім тобы барған сәтте тойға келген қонақтар тарап жатқан еді. Мониторинг топ жүргізген жұмыстың арқасында 2 той да дер кезінде тоқтатылды. Тойхана иелері мен той өткізбек болған адамнан түсініктеме алынып, олардың материалдары СЭС мамандарына жіберілді.

Абай ауданы аумағында санитарлық -эпидемиологиялық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізетін 10 мобильдік топ бар. Өткен шілде айында 4235 нысанға тексеру жұмыстары жүргізілген екен. Карантин режим талаптарын бұзған 124 нысан анықталыпты. Оның 68-іне 230 айлық есептік көрсеткіш, яғни әрбіріне 671 000 теңге сомма көлемінде айыппұл салынған.