Úı ANONS Түркістан облысында мектепті тойхана ретінде тіркеген

Түркістан облысында мектепті тойхана ретінде тіркеген

Жекеменшік мектептер бюджет қаражатын жымқыру құралына айналған. Үкіметте осы сала бойынша өткен кеңесте көптеген былықтың беті ашылды. Қаржы министрлігі мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік мектептерді қаржыландыруда өрескел заңбұзушылықтар анықтаған. Мәселен, Алматы облысында 60 орындық мектеп бала санын 700-ден асырып көрсеткен. Ал Түркістан облысында жекеменшік мектепті тойхана ретінде тіркеткен.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов өткізген жиында жекеменшік мектептерді қаржыландырудың жаңа тетіктері сөз болды. Ал Қаржы министрлігінің есебінде сол білім ұйымдарына қатысты құйтұрқылықтар жетіп-артылады. Мәселен Түркістан облысында бір мектепті тойхана ретінде тіркетсе,  Шымкентте сауда орталығы және басқа да нысан ретінде көрсетілген.

Шолпан Өтелбаева, «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрайымы: «Мемлекет есебінен қаржыландырылатын оқу орнында тіркелген балалардың іс жүзінде мүлдем басқа мектепте оқитыны белгілі болды. Ал жекелеген өңірлерде кейбір мектептер оқудан шығып кеткен оқушылар үшін де ақша алып отырған. Сондай-ақ, білім беру қызметіне қатысы жоқ мемлекеттік сатып алу жүйесінде тіркелген ұйымдар анықталды».

Ақылға сыймайтын әрекет Астанада да бар екен. Бас қаладағы 241 оқушыға арналған жекеменшік мектеп құжатта оқушыларын мыңнан асырып жаздырған.

Жалпы, Қаржы министрлігінің есебінше, 745 мекеменің 155-і алған кірісін көрсетпеген. Цифрландырылған 427 мектептің шамамен 30%-ы өз мақсатына сай емес. 64 мектепте білім алушылар контингенті жобалық қуатынан 2 есе артық. Одан қалды, мұғалімдерді өтірік тіркеп, еселеп қаржыландыру фактілері анықталған.

Қаржы орталығы түйткілдің шешімі ретінде жаңа ақпараттық жүйе әзірлеген. Ол оқушы санын, рұқсат құжаттарын автоматты түрде тексеріп отырады. Алайда Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың айтуынша, жекеменшік мектептерді бұлай қаралау дұрыс емес. Өйткені, қыруар ақша салып, мұғалімдерін алып, білім стандарттарын сақтап отырғанда, мемлекеттік органдардың кесірінен былыққа батуы әділетсіз.

Ирина Смирнова, Мәжіліс депутаты: «Сол мектептерге лицензия берген мемлекеттік органдар неге жауап бермейді? Осыны премьер-министр неге ойламайды? Қаражатты бөлуде заңбұзушылық болса, сол қаржыны берген орган неге жауапқа тартылмайды? Ақшаны берген Қаржы орталығының өзі емес пе? Ендеше ақшаның қайда кеткенін солардан сұрау керек».

Дегенмен, депутаттың ойынша, заңбұзушылыққа жол берген мектептер болса, әлбетте олар да жауапқа тартылу керек. Алайда білім саласына енгізіліп жатқан жаңа ақпараттық жүйеге сенімсіз қарайды. Себебі, жергілікті мемлекеттік органдар ыңғайына келетін мектептерге қаражат бөліп, оның ақыры жемқорлыққа баруы мүмкін деп есептейді.

Ербол Тұрымбет