Елімізде вакцина алғаннан кейін 114 адам коронавирустан қайтыс болған

109

Коронавирус инфекциясы балаларда жиі кездесуде. Бүгінде 18 жасқа толмағандар арасында COVID -19 жұқтырғандар саны артып отыр дейді мамандар. Сондай-ақ, елде отбасы мүшелерімен бірге сырқаттанып жатқандар қарасы қалың. Әрі вакцина салдырғандар арасында да квиге шалдығып қайтыс болып жатқандар бар. Мұның себебі неде?

Бұл сұраққа орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингте мамандар жауап берді. Сонымен бірге, жауаптылар екпе алмаған студенттер де сабаққа офлайн қатыса алатындығын жеткізді.

Коронавирус инфекциясы балаларға да жаппай әсер ете бастады. Жыл басынан бері Ковид-19 індеті кәмелетке толмаған 50 мың жасөспірімнен анықталған. Оның 179-ы жаңа туған нәрестелер. Ал қазіргі таңда жеті жүзден астам бала стационарда ем қабылдап жатыр.

Айжан Есмағамбетова, ҚР Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы: «Аурудың ушығуына ата-аналардың балаларымен бірге көп демалуы себеп болып отыр. Басым бөлігі, отбасы мүшелерімен бірге ауырып жатыр».

Елімізде вакцина алғаннан кейін 114 адам коронавирустан қайтыс болған. Оның 27 -сі Шымкентте көз жұмған. Денсаулық сақтау министрлігі антидот қабылдағаннан кейін қайтыс болғандардың созылмалы аурулары болғанын айтты. Сондай-ақ, олардың басым бөлігі ресейлік Sputnik V вакцинасын таңдаған екен, ал 19 пайызы – Hayat -Vax, 3,5 пайызы – CoronoVac, бір пайызға жуығы – QazVac екпесін салдырған.

Бүгінде ел бойынша екпенің алғашқы компонентін салдырғандар саны алты миллионнан асып отыр. Ал 5 миллионнан астам қазақстандық екпенің екі компонентін алып үлгерген.

Айжан Есмағамбетова: «Айталық, егер вакцинаның тиімділігі 91 пайыз болса, онда тоғыз пайызына ешкім жауап бермейді. Тиісінше, олар ауырып қалуы мүмкін. Ал егер олардың созылмалы аурулары болса, онда қиын. Екінші бөлім – бұл иммундық жауап беретіндер, бірақ біреуде жоғары, біреуде төмен. Соған қарамастан, олардың иммундық реакциясы болғандықтан ауру жеңіл өтеді. Бұл санатта өлім -жітім аз болады».

Мемлекет вакцинациялау науқанында екпені сатып алу үшін барлығы 95 миллиард теңге жұмсапты. Алайда антидот қабылдаудан қорыққан кейбір қазақстандықтар жалған паспорт жасатып әлек. Сарапшылардың пікірінше, жалған иммундау құжатын түпнұсқадан ажырату мүмкін емес.

Айжан Есмағамбетова: «Егер вакцинация паспорты тиісті түрде рәсімделсе, яғни медициналық ұйым вакцинация туралы деректерді енгізсе, онда жалған немесе шынайы паспортты анықтау мүмкін емес. Егер вакцинация паспорты фотошоп әдістерінің бірімен жасалса және базаға енгізілмесе, мұнда QR кодымен ажыратуға болады. Вакцинацияның әр құжатында QR коды бар, егер сіз оған камераны жақындатсаңыз, онда екпе алған адамның нақты деректері бар анықтама көрсетіледі».

Айта кетейік, елімізде екпе алмаған студенттерге бірінші қыркүйектен бастап офлайн дәріске баруына болады. Оларға ПТР тестін тапсырудың да қажеті жоқ дейді Денсаулық сақтау министрлігіндегілер. Себебі, жоғары оқу орындарында Ashyq жүйесі жұмыс істейді.

Айжан Есмағамбетова: «Вакцинацияланбаған студенттер Ashyq арқылы сабаққа қатыса алады. ПТР анықтамасын талап етудің қажеті жоқ, егер олар Ashyq жүйесімен кірсе, олар «көк» немесе «жасыл» мәртебесіне ие болады».

Сабаққа ПТР тесті оң және кви жұқтырған адаммен байланыста болған студенттер ғана қатыса алмайды. Ал, жұмыс істейтін қазақстандықтар үшін вакцина міндетті болып қала бермек. Олар екпені 15 қыркүйекке дейін салдыруы қажет.

Айжан Есмағамбетова: «Біз үшін екпе салдыру қарқынын арттыру өте маңызды және біз сіздерді тексеруді ойланбастан вакцина алуға шақырамыз».

Мамандардың айтуынша, вакцинация нәтижесіне күзде баға беруге болады. Егер эпид-жағдай тұрақтанса, онда елдегі локдаун алынып, көптеген мекемелерге сенбі күні жұмыс істеуіне рұқсат етілуі мүмкін.

Мөлдір Ибадуллаева