Өмірзақ Шөкеев тұрғындар атынан ардагерлерге алғыс айтты

212

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев тұрғындар атынан қарияларға алғысын білдірді. Ардагерлер кеңесінің есеп беру-сайлау конференциясында кеңес төрағасы алдағы 5 жылдағы жұмыс жоспарын баяндады.

Конференцияға аудан, қала әкімдері, ардагерлер ұйымынан сайланған делегаттар қатысты. Күн тәртібінде 5 мәселе қаралған жиында бүгінге дейін «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы қабылданып, 48 кездесу өткізілгені айтылды. Оған 6 мыңнан астам жас тартылыпты.

Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің VIII есеп беру-сайлау конференциясында есепті кезеңдегі жұмыстарға оң баға берілді. Мәселен, бала тәрбиесіндегі әкенің жауапкершілігін арттыру, жасөспірімдерді ұлттық рухта тәрбиелеу мақсатында «Әкелер мектебі» кұрылған. Қазірде оның 902-і ұйымдастырылып үлгерді деген өңірлік ардагерлер кеңесінің төрағасы 5 жыл көлемінде атқарылған ауқымды жұмыстар туралы баяндады.

Жеңісбек Мәуленқұлов, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
«Әлеуметтік қолдауды кажет ететін ардагерлерге комуналдық қызмет түрлері үшін, қоғамдық автокөлікте тегін жүруге, жеңілдікпен дәрі дәрмек алу үшін 242 млн. теңге қаржы жұмсалды. Есепті бес жыл ішінде 39 мың әр түрлі санаттағы ардагерлерге өңіріміздегі шипажайларда демалып денсаулықтарын сауықтыру үшін мүмкіндіктер жасалды».

Кеңес төрағалығына  осы уақытқа дейін жұмысын ойдағыдай атқарып келген Жеңісбек Мәуленқұлов бір ауыздан қайта тағайындалды. Ұйымның алда атқаратын жұмыстары мен міндеттері айқындалды. Басқосуда Түркістанның дамуы туралы кеңінен айтып өткен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев тұтастай даму жолындағы еңбектері үшін облыс жұртшылығы атынан ардагерлерге алғыс білдірді.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Бүгінгі таңда облыстық ардагерлер ұйымы табысты еңбек етіп келеді. Ұлттық тәлім-тәрбиені ұрпақ бойына сіңіру арқылы жұртшылықты ізгілікке, отаншылдыққа, еңбекке құлшындыру бағытында облыс ардагерлерінің алар орны айрықша деп білемін. Бүгінгі басқосуда талқыланатын мәселелер мен тиімді ұсыныстар, бастамалар жерде қалмайды деп уәде беремін. Тұтастай Түркістан облысының дамуы жолындағы еңбектеріңіз үшін облыс жұртшылығы атынан алғыс білдіремін».

Конференция барысында тексеру комиссиясының есебі тындалып, жаңадан комиссия мүшелері сайланды. Сонымен бірге, республикалық съезге Түркістан облысынан 8 делегат сайланды.

                                                                                         Мөлдір Ибадуллаева