Қазақстанда коронавируспен науқастану өсімі 2 пайызға төмендеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Әлемдегі ахуал күрделі болып отыр. Бүкіл әлемде коронавирус инфекциясының шамамен 208 млн жағдайы тіркелген. Тәулігіне 480 мыңнан астам жағдай тіркеліп отыр. 4,3млн-нан астам қаза тапты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 6 өңірінің төртеуінде шілде айының екінші онкүндігінен бастап науқастанудың артуы байқалады. Жаңа жағдайлардың айтарлықтай өсімі Америка елдері өңірінде, Тынық мұхитының батыс бөлігінде тіркелген», деді Алексей Цой.

Оның дерегінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше 228 елдің 38-інде аурудың жаңа жағдайлары 50 пайыздан астам артып отыр.

«Соңғы аптада аурудың ең жоғары өсімі Әзербайжанда байқалды. Бұл елде бір аптаның ішінде ауру 131 пайызға, ал Израильде 63, Жапонияда 21 пайызға өршіді. Қазақстанда апта ішінде өсім 2 пайызға төмендеді», – деді министр.