Өздеріңізге белгілі елімізде енгізілген карантин режиміне байланысты Түркістан облысында да мобильдік топтар жұмыс атқаруда. Мобильдік топ құрамына қала және аудан полицейлері, әкімдік қызметкерлері, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы мен кәсіпкерлік палата қызметкерлері жұмылдырылған.

Тәртіп сақшыларының айтуынша облыста шектеу шараларына қарамастан ережені елемей, тұрғындардың өміріне қатер төндіріп, той жасайтындар қатары көп. Осы тұста айта кететін жайт жыл басынан бері Түркістан облысының полицейлері той-жиынның 734 жайтын тіркеді.

Мәселен, Ордабасы АПБ-нің тәртіп сақшылары өзінің үйінің ауласында «Беташар» тойын өткізіп жатқан тұрғынды анықтады. Оқиға орнына мобильдік топпен полицейлер тез арада жетті. Тексеру кезінде тойға 60-қа жуық адам жиналғаны белгілі болды. Нәтижесінде аталған той тоқтатылып, құқық бұзушыға ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша құжаттар жинақталып, СЭББ-ға жолданды.

Осыған ұқсас тағы бір жайт Отырар ауданында да анықталды. Онда жергілікті тұрғын карантин режиміне қарамастан үйіне 50-ден астам адамды жинап, келін түсіріп, «Беташар» тойын өткізген. Той иесіне қатысты заңға сәйкес әкімшілік шара көрілді.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері карантин талаптары мен арақашықтықты сақтап, бетперде тағып, үнемі антисептик қолданып, адамдар көп болатын орындарға бармауға кеңес береді. Оған қоса, той өткізуге тыйым салынғанын естен шығармағайсыздар! Сондай-ақ аса қажеттілік болмаса сыртқа шықпаңыздар дей келе, түсіндіру жұмыстарына құлақ асуға шақырамыз.

QAINAR KÓZТО ПД-нің баспасөз қызметі