Жамбылдағы жағдайға қатысты жедел тергеу тобы құрылды

119

Жамбылдағы әскери бөлімшедегі жарылысты тексеру мақсатында жедел тергеу тобы құрылды. Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораздың айтуынша, саперлер бригадасы, қызметтік-іздестіру иттері бар кинологтарды тарта отырып, іздестіру жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі уақытта 15 әскери қызметші мен құтқарушының денесі табылған. Сонымен қатар, министрлік «Абайлаңыз – балалар» жедел-профилактикалық іс-шара барысында 18 мыңнан астам жол жүру қағидасы бұзылғанын айтты.

Жамбылдағы әскери бөлімшедегі жарылысты тексеру мақсатында жедел тергеу тобы құрылды. Министрлік шұғыл тергеу іс-шаралары, оның ішінде жәбірленушілер мен куәгерлерден жауап алу, сондай-ақ залалды анықтау үшін бүлінген объектілерді тексеру жұмыстарын жүргізеді.

Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін 800-ден астам полиция қызметкері мен Ұлттық ұлан сарбаздары, 113 арнайы техника, оның ішінде 54-і полиция департаментінен және 59 басқа мемлекеттік органдардан жұмылдырылды.

Нұрділдә Ораз, ҚР ІІМ ресми өкілі: «Төтенше жағдай ауданына жақын орналасқан Қайнар, Жібек жолы, Үшбұлақ елді мекендерінен 700-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілді, пойыздың 2 350 жолаушысын автобустармен алып жүру ұйымдастырылды, халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Байзақ ауылындағы №4 лицей мектебінде жергілікті атқарушы, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың қатысуымен жедел Штаб құрылды. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен полиция қызметкерлері тәулік бойы патрульдеу жүргізеді. ТЖ орнындағы жедел жағдай тұрақты және құқық қорғау органдарының бақылауында».

Министрлік өкілінің айтуынша жыл басынан бері 90 бала жол апатынан қайтыс болып, 1860-ы жарақат алған. Осыған орай, «Абайлаңыз – балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүзеге асырылған. Шара 2 кезең бойынша өткізілді. Операция барысында коммуналдық қызметкерлерімен жол маңайына 4 мыңнан астам тексеру жұмыстары жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді жою үшін уәкілетті мекемелерге 2 мыңға жуық нұсқама берілді.

Жандос Мұратәлиев,  ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары: «Білім беру мекемелерінің жанында 2 мыңға жуық жол белгісі ауыстырылып, қайта орнатылды. Мыңға жуық жаяу жүргіншілер өткелі жабдықталды. 20 мың метр жаяу жүргіншілер жолы салынды. 26 мың метр жол жасанды жарықтандырумен жабдықталды. Іс-шара басталғалы кәмелеттік жасқа толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаның себептері болып табылатын 18 мыңнан жол жүру қағидалары бұзылған».

Сондай-ақ, министрлік елдегі криминогендік жағдай туралы да айтып берді. Сөзінше, бір апта ішінде 3 393 қылмыс жасалып, оның 2 331 тәулік ішінде ашылған. Полиция қызметкерлері ізін суытпай 6 кісі өлтіру, 3 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, 5 қарақшылық, 37 тонау және 517 бөтен мүлікті ұрлау фактілері бойынша қылмыстарды ашқан.