Түлкібас ауданы Тұрар Рысқұлов ауылының тұрғындары екі зираттың жанына кәріз қалдықтарын төгетін шұңқыр қазды деп шағымданды. Тұрғындардың айтуынша, жергілікті билік мұндай шешімнің мәнісін түсіндірмеген!

Мына адамдар мұсылман және христиан зиратының жанынан қазылған үлкен шұңқырдың құрылысына қарсы тұру үшін барын салуға дайын. Тұрғындардың сөзінше, бұл септикке аудан орталығының барлық қалдықтары төгіледі. Ал бұл туралы оларға ешкім ескерту жасамаған.

«Мына тұрған шұңқырға ертең нөсер-жауын немесе қыстыгүні қалың қар жауса, іші толып қалады. Мынау қасымыздағы Құлан өзені мен оның ар жағындағы Арыс өзені құрдымға кетеді. Мәселенің бәрі осында болып тұр»,  дейді тұрғындар.

Бұл зиратқа жиналғандардың әрқайсысының мұнда жақындары мен туыстары жерленген. Адамдар тек марқұмдар үшін ғана емес, жаңа шағынауданның тұрғындары үшін де алаңдап отыр. Егер септик шынымен де жұмыс істейтін болса, онда оның иісіне шыдау мүмкін емес дейді олар.

Жергілікті шенеуніктер дүрбелеңге салынудың қажеті жоқ дейді! Бұл шұңқырға қоқыс үйінділері төгілмейді, тек жерді суару үшін пайдалануға болатын техникалық су құйылады. Аудан басшысының орынбасары айтқан уәжге сенсек, бұл жұмыстарғағ яғни жаңа тоған буландырғыш құрылысына 12 млн теңге бөлінген, құрылыс келесі жылы аяқталады.

Марат Жаңасен,  Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары:» Енді осы жерге қажет болған соң салынып жатыр, заңды.

– Неге архитектор тұрғындарға айтты заңды емес деп?

– Бұл себебі құрылыс болатын болса  архитектура арқылы жасау керек. Бұл ағымдағы жөндеудің есебінен жасалынып жатыр. Схемамен, сметалық құжатпен жасалып жатыр. Бұл жерде жаңағы тазартқыш қондырғыдан шыққан техникалық су ғана келіп, жаңағы буланатын  сондай болып осы жерге сіңеді. одан жаңағы ұшып кетеді ауамен. Ешқандай бұның мұндағы мазаратқа немесе ар жақтағы тұрғын үйлерге келтіретін зияны жоқ».

Ал кәріз жүйесімен байланысты проблемалар расымен бар дейді әкімшілік. Аудан әкімі Нұрлан Байғұттың айтуынша, тұрғындар септиктердің иісі бойынша бұған дейін де шағымданған. Қазіргі уақытта бұл мәселе шешілу үстінде.

Нұрлан Байғұт,  Түлкібас ауданы әкімі:  «Тұрғындардан өтініш түсті. Судың иісі шығып жатыр басқа деп. Соған байланысты тапсырмалар берілді. Талапқа сай істеу үшін ішіндегі насостары, өзгелері бәрі ауыстырылып жатыр. Содан кейін ағынды шайынды суды таза қылып шығарып, елдімекеннен шетке шығару жөнінде смета жасалды. Соған сәйкес аудандық бюджеттен қаржы бөлдік. Жұмыстар жүргізіліп жатыр».

Тұрғындар жергілікті билікке сенбейді. Енді олар жағдайдың әрі қарай қалай өрбитінін және шұңқырдың құрылысы қалай жүретінін өздері бақылайды.

Егер ақжағалылар кенеттен сөздерінен тайқып кетсе, мынадағы шұңқырға қоқыс төгуге мүмкіндік бермейміз деп отыр.

Әлихан Файзханов