Тұран шағынауданының халқы аумақты аралайтын қосымша автобустар қажеттігін айтып дабыл қақты. Әлеуметтік желіде тараған мына бейнежазбада адамдардың көлік ішіне сыймай, аузы мұрнына шығып тұрғанын аңғаруға болады.
Айтуынша, Тұран шағынауданымен жүретін жалғыз № 17 бағыттағы автобус бар. Жай күндері оқушылар мен мұғалімдерсіз де лық толы болатын еді, жаңа оқу жылы оффлайн форматқа ауысқалы тіпті отыру мүмкін емес болып қалды дейді.
Бұл бағытта қатынайтын 9 ғана автобус бар, оның өзі күнара бұзылады дейді тұрғындар. Ал жауаптылар қазіргі таңда бұл мәселе өз шешімін тапты деп отыр.
Сапар Әділ, Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының баспасөз хатшысы: «Біз Тұран шағынауданын бүгін таңертең барып көрдік. Неге ол жерде халық олайынан шағымдана беретінін білмеймін, бүгіннен бастап Тұран шағынауданы бойынша 12 автобус аралық интервал 10 минуттан қызмет көрсетеді № 17 маршрут бойынша. Қазір I-KOLIK-ке 10-ы көрсетіліп тұр. Екеуінде GPS трекер жоқ қазіргі уақытта».
Сала мамандары алдағы уақытта Тұран шағынауданы бойынша қатынайтын тағы бір маршрутты іске қосу жоспарда бар деп отыр. Тұрғындар баратын жұмыс орны мен мекеніне көп кідірместен жетеді деп сендірді.
Әлихан Файзханов