Алматыда атыс болып, салдарынан 5 адам қаза тапты

28

Кеше Алматы қаласы Алатау ауданындағы «Ақбұлақ» ықшамауданында қайғылы оқиға орын алды. Екі адамның меншік құқығына қатысты дауы бойынша сот шешімін орындау кезінде бұрынғы үй иесі қызметтік міндетін орындау мақсатында келген 5 адамды атып өлтірген.

Қалалық Полиция департаменті басшысының орынбасары Рүстем Әбдірахмановтың сөзінше, қаза тапқандардың ішінде екі полиция қызметкері, сот орындаушысы мен екі адам бар. Олардың бірі – үйдің жаңа иесі болған. Күдікті бәрін аңшы мылтығымен атқан.

Қазіргі таңда ҚР қылмыстық кодексінің 99 – бабы 2-бөлімі 1-тармағы бойынша – «екi немесе одан көп адамды өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл қылмыс үшін 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Күдікті арнайы жасақ жауынгерлерінің көмегімен қару қолданбай ұсталды, себебі, үйде әйелдер мен балалар болған.

Әлихан Файзханов