Түркістанда бір отбасының бес мүшесі газдан уланып қайтыс болуына жол берді деп айыпталғандарға қатысты сот процесі басталды. Кінәлі деп танылған екеу сол үйге газ кіргізген қос фирманың өкілі.
Мемлекеттік айыптаушының дерегінше, олардың бірі тұрғын үйге газ құбырларын кіргізген, ал екіншісі жалған техникалық құжат жасап берген. Сотта белгілі болғанындай, бұл шаңыраққа көгілдір отынды еш жерде істемейтін екі дәнекерлеуші кіргізген.
Бірақ шымкенттік фирманың директоры атқарылған істі тексертпестен бәрі талапқа сай деп құжаттарын жасап берген. Ал екінші айыпталушы құбырлар талапқа сай орнатылған және қауіпсіздік ережелері сақталған деп техникалық құжат жасап беріпті.
Құжаттарда сондай-ақ үйден табылған иран пеші туралы да айтылмай, оның орнында талапқа сай қазандық бар және бөлек ғимаратта деп көрсетіліпті.
Айнұр Бекасанова