Бұқаралық спортты дамытуға дін өкілдері атсалысуда

70

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай діни конфессия өкілдері арасындағы спартакиаданың ашылу салтанаты өтті. Аталған шараның басты мақсаты – түрлі руханият қызметкерлері арасындағы өзара бірлікті нығайта отырып бұқаралық спортқа баулу. Дін істері басқармасы ұйымдастырған шараға 10 команда қатысты.

Шымкентте Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай дін өкілдері арасындағы спорттық спартакиаданың ресми ашылуы өтті. Дін істері басқармасы ұйымдастырған шараға ислам, протестант, праваслав діни бірлестіктерінің қызметкерлері қатысты. «18 қазан – рухани келісім күні» шеңберінде өткен додаға қатысуға 10 команда ниет білдірген.

Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімнің бірінші орынбасары: «Діни бірлестіктерде қызмет етіп жүрген өздеріңіз сияқты білікті де білімді мамандардың басын спорттық додада қосу ұйғарылған болатын. Бүгінгі біздің спартакиадамызға ислам, протестант, праваслав діни бірлестіктері қызметкерлері қатысып отыр».

Аталған шараға Еңбекші, Қаратау, УДР, Әл Фараби, Титан, Ақ мешіт, Абай, Дружба, СУН БОК ЫМ командарлары қатысты. Олар өзара бейбітшілік пен келісімді нығайту мақсатында спорттың футбол, үстел теннисі, шахмат түрлерінен бақ сынайды.

Анарғали Керімбеков, Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасы Шымкент қаласы «Жастар» секторының жетекшісі: «Шымкент қаласында осындай спартакиада ұйымдастырылып отыр. Бұл жерде дін өкілдері оның ішінде ислам діні, оның ішінде протестанттар, Сун бок ым әр түрлі діндердің бірлестіктердің өкілдері осында жиналып осындай үлкен спорттық шара ұйымдастырып отыр. бұл шараның мақсаты -дін арасындағы бауырлардың, әрбір осы Қазақстан елінің азаматтарының арасындағы ауызбіршілікті нығайту».

Президент жолдауы аясында іске асырылған шараның алдағы уақытта ауқымы артпақ.

Диана Біржанова