Қазығұртта мүмкіндігі шектеулі азаматтар наразылық танытты

85

Қазығұрт ауданының тұрғыны мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен олардың көмекшілеріне жалақы толыққанды төленбей жатыр деп шағымданды.

Сөзінше, мүгедектерге берілетін төлемақыны тендерден жеңіп алған «Ақсукент» корпаративтік қоры берілетін соманың 17 пайызын өздеріне алып қалатын көрінеді. Наразы тарап бір топ болып мәселенің ақ-қарасын айыру үшін аудан әкімдігіне жиналды.

Қазығұрт ауданының бір топ бірінші санаттағы мүгедек азаматтары аудан әкімдігіне жиналды. Себеп, оларға жалақыны беруге тиіс мекеме 5 пайызын алып қалудың орнына, 17 пайызын еншілейтін көрінеді. Аудан әкімі орынбасарының қатысуымен өткен жиналыс 1 сағаттан астам уақытқа созылып, мәселе шешілгендей болды.

Бірақ жергілікті тұрғын Гүлбану Бейсенова, «әлі ештеңе нақты емес. Сондықтан мен, қазір бізге жалақы беріп отырған «Ақсукент» қоғамдық бірлестігінен «Мейірімге» өткім келеді, бірақ оған аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі рұқсай бермей отыр» дейді.

Гүлбану Бейсенова, Қазығұрт ауданының тұрғыны: «Бізге 5 сағаттан төлейді, 5 сағаттың 17 процентін ұстап қалады.  Басқа аудандарда 5-ақ процентін ұстайды, болды. Біздер көп жерге реабилитацияға барамыз, сол жерде осындай әңгіме болады. Осындай әңгімеден кейін мен» Мейірім» қоғамын шақырып, өзім сол кісілерге өте алмай жүрмін. Өйткені, бізде райсобесде Гүлсім деген апай бар, біздің өтуімізге мұрша бермейді. Барлық жақ 6 сағаттан алады, біз 5 сағаттан аламыз, оның 17 процентін мүгедектер қоғамына жаңағы «Ақсукент» қоғамына беріп кетеміз, сонда не қыламыз біз, не аламыз?».

Ал жауаптылар мұндағы жұмыстың барлығын заң жүзінде жүзеге асып отырғанын айтады. Шағымданушылар айыбы да негізсіз дейді. Биылдан бастап әлеуметтік қызмет порталы жұмыс істейді екен, онда барлығы тайға таңба басқандай анық көрініп тұр. Бұл, шағым иелерінің мәселені терең түсінбеуінен туындап отырған дау дейді жауапты маман.

Ақнұр Пралиева,  «Ақсукент» корпоративтік қорының өкілі: «Біз әлеуметтік портал бойынша жұмыс істейміз. Бұл жерде адамдардың арызданушылығы порталдың жұмыс істеуін дұрыс түсінбегендіктен болып отыр. Бұлар 17 пайыздың барлығын өзіміздің қалтамызға алып, бізді пара алып жатыр деп айып енгізген болатын. Бірақ қазірдің өзінде біз өзіміздің алып жатқан төлемдерді алып, түсіндіріп көрсеткен болатынбыз. Және де бұл жерде портал болғандықтан ҚР министрлігі параға қарсы қызмет көрсету үшін және мүгедекке лайықты, өзі қалайтын қызметті таңдау мақсатында істелген болатын. Және біз бұл жақта делдал қызметін атқарамыз. Бұл жерде біз жай ғана олардың атқарған қызметін порталға енгізіп, актілерін салып тұрамыз. Біз бұл жақта ешқандай қатысымыз жоқ».

Ал аудан әкімі орынбасары жиналыста бәріне түсіндірме жұмыстары жүргізілгенін айтады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар портал арқылы өздері қалаған жеке көмекшіні алуына болады. Бұл мәселеде заң шеңберінен тыс ешқандай әрекет болған жоқ деп сендірді.

Серік Тұрсынқұлов, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары:» Бүгінгі көтеріліп отырған мәселе бұл осы жеке көмекшілердің 2 қоғамдық бірлестіктердің арасында болып жатқан дау-дамай. Яғни, қазір түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Заңға сәйкес қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі азаматтар өздері арқылы жеке көмекшіні жеке жұмыс жасайтын немесе қоғамдық бірлестіктегі жеке көмекшілерді өздері таңдап алып, өздері шеше алады. 2 қоғамдық бірлестік осы жұмысты Мен алып барамын деген мәселені азаматтардың арасында дау-дамай туғызып жүрді. Бүгінгі шешілген мәселе оларға заңға сәйкес түсіндірілді, әркімнің өзінің құқысы, бүгінге келген «Ақсукент» немесе «Мейірім» қоғамдық қоры қайсысы арқылы көмек алады, сол мәселе түсіндірілді».

Жиналған біршама халық көкейіндегі сұраққа жауап алып, разы болып кеткендей көрінді. Әйтсе де арасында келіспегендері де бар

Әлихан Файзханов