Қазығұрттық отбасы президент сыйлығымен марапатталды

86

«Мерейлі отбасы – 2021» ұлттық байқауының жеңімпаздары президент сыйлығымен марапатталды. Облыстық кезеңдерде топ жарған 17 отбасыны марапаттау рәсімі онлайн форматта өтті.

​Түркістан облысынан жеңімпаз атанған Жамаловтар отбасына марапатты облыс әкімінің орынбасары Арман Жетпісбаев табыстап, өңірдегі отбасылық тәрбиені қалыптастыруға қосқан үлесі үшін айрықша алғысын білдірді. Байқау жеңімпаздарына арнайы статуэтка мен қомақты қаржылай сыйлық табыс етілді.

«Бүгін мен үшін ерекше күн. Себебі, Президенттен осындай марапат алу бұйырған екен. Қарапайым ауылдан шығып, шаруа қожалығымен айналысатын жанұямыз. «Мерейлі отбасы» конкурсына қатысып, жеңімпаз атанып отыр. Елбасымыздың салып берген сара жолының арқасында еліміз өркендеп, ұлттық құндылықтарымыз өркендеп келеді. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған бұл марапаттың орны бөлек. Өйткені, біздің отбасымызға да 30 жыл толып отыр», дейді отағасы.

Естеріңізге сала кетейік, «Мерейлі отбасы – 2021» ұлттық байқауына қатысу үшін биылғы жылы облыс бойынша 184 отбасы өтініш білдірген. Облыстағы барлық аудан, қалаларда ұйымдастырылған байқаудың алғашқы кезеңінде 30 отбасы жеңімпаз атанған болатын.

                                                                                             Әлихан Файзханов