Шымкент қаласындағы әлеуметтік нысандар алдағы жылыту маусымына 100% дайын. ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Премьер-Министр Асқар Маминнің қатысуымен өткен үкімет отырысында осылай деді. Сондай-ақ отырысқа Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов және орынбасарлары мен барлық басқарма басшылары қатысты.

Селекторлық режимде өткен отырыста өңірлердің 2021-2022 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары пысықталды. Министрдің айтуынша,  Шымкенттегі орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 1945 үйдің 95 пайызы жылу маусымына дайын.

Ал, 256 білім ошағы, 109 денсаулық сақтау, 33 спорт және 14 жұмыспен қамту нысандары да маусымға толығымен дайын. Сонымен қатар, қаладағы жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету үшін биыл 29,5 шақырым жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Гүлдана Дәурен