Úı ANONS Зообақ қысқа дайын ба?

Зообақ қысқа дайын ба?

Шымкент зообағындағы жануарлар қысқа қамданып жатыр. Қазір күн әлі жылы болғанымен, алда суықтың ауылы алыс емес. Қанаттылар мен төрт түліктің кейбірі аязға  бейімделген. Ал табиғаты жылы өлкелерден келген жануарлар үшін қыс – нағыз сынақ. Қысқы маусымға дайындықтың қалай жүріп жатқаны туралы әріптесім Ботакөз Әнуар айтып береді.

Шымкент зообағы – үш мыңнан аса жануары бар бірегей орталық. Мұнда 305 түрлі жануар мекендейді, олардың 47-сі «Қызыл кітапқа» енген. Қыс маусымы жақындаған сайын, қызметкерлер жануарларға ерекше күтім жасайды. Олардың арнайы орындары жылытылып, жем-шөп молынан дайындалады, ал жабық орындардағы температура үнемі қадағаланады.

Жылусүйгіш аңдар – маймыл, жолбарыс пен пілдерге қосымша жылу құрылғылары қосылып, арнайы температура сақталады. Ал Еуразия аймағында тіршілік ететін жыртқыштар үшін суық ауа райы үйреншікті, оларға ең бастысы – құнарлы қорек болса жеткілікті. Қанаттылардың басым бөлігі қыс бойы ашық алаңда қыстайды. Олар үшін де аяз кедергі емес.

Шухрат Юлдашев, ветеринар:  «Қазір біз вольерлерді толық тазалап, дезинфекциялау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, зиянкестерді жою шаралары да күшейтілді. Ашық алаңдағы вольерлер жел өтпес үшін қамыспен қоршалады. Қысқы қораларда батареялар мен радиаторлар орнатылған. Жануарларға ең қолайлы температура — 30–35 градус. Бұл барлық түрге ортақ көрсеткіш».

Мұндай санитарлық жұмыстар тұрақты түрде атқарылады. Негізгі мақсат — түрлі инфекциялардың алдын алып, жануарлардың саулығын қамтамасыз ету. Зообақ өкілдерінің айтуынша, күз бен көктем аралығы — жануарлардың көбейетін кезеңі. Сол себепті көктемге қарай мұндағы жануарлар саны арта түспек. Сонымен қатар, жануарлар санын көбейту және түр құрамын байыту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Зульфия Ғаниева, Шымкент зообағының директоры: «Алдағы жылы басқа зоопарктермен жануар алмасу және жаңа түрлер әкелу жоспарда бар. Қазір осы бағытта келіссөздер жүріп жатыр. Сондай-ақ, өткен жылмен салыстырғанда келушілер саны бірнеше мәрте өскенін айта кеткен жөн».

Келушілер табиғатты тамашалап жүргенімен, зообақта күн сайын көзге көрінбейтін үлкен жұмыс атқарылады. Қызметкерлердің басты мақсаты – әрбір жануардың өзін қауіпсіз, жайлы сезінуін қамтамасыз ету. Қысқы маусымға дайындық – олардың саулығы мен амандығы үшін маңызды қадам.