Úı ANONS Көлігіңіз қысқа дайын ба?

Көлігіңіз қысқа дайын ба?

Қазір күн айтарлықтай суық емес. Дегенмен алда қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Сондықтан көлік жүргізушілері алдағы суыққа алдын ала қамдануда. Себебі, жолдағы қауіпсіздік – ең алдымен сақтықтан басталады. Қытымыр маусымға көлік дөңгелегін дер кезінде ауыстыру – әр жүргізушінің басты міндеті. 

Күн суыта бастады. Қыстың алғашқы лебі сезіліп, көлік иелері қысқы маусымға дайындықты бастап кетті. Себебі сапалы қысқы дөңгелек – қауіпсіздіктің кепілі. Өйткені, ауа температурасы төмендеп, жер мұз болғанда көліктің жолға ілінісі тікелей доңғалақтың сапасына байланысты. Ал жүргізушілердің бәрі дер кезінде қам жасап үлгерді ме?

«Алып қойғанмын негізі. Дайын тұр. Тек ауыстыру керек балонды болды. Енді қыс мен өзім кейде кешке таксовать етемін. Жер мұз болады, тайғақ болады, жақсысын алдық қой. Қымбатын, жақсысын».

«Енді мен Алматы–Шымкент арасын көп жүремін. Үнемі жолда болған соң сапасы жақсысын алуға тырысамын. Бағасы 30–35 мың теңге – қолайлы деп ойлаймын. Неғұрлым сапасы жақсы болса, соғұрлым ұзаққа шыдайды ғой. 2–3 маусымға жетсе деген үміт бар».

«Иә, ауа температурасы минус 5 градусқа дейін төмендейді деп күтілгендіктен, осы аптада жазғы шиналарды қысқыға ауыстырмақпын. Өткен жылы қысқы дөңгелектер сатып алғанмын. Бұл — ең алдымен қауіпсіздік. Сондықтан бәріне мүмкіндігінше ертерек қысқы дөңгелекке ауысуды ұсынамын. Желтоқсанға дейін созбаған дұрыс».

Мамандардың айтуынша, жазғыдан қысқы дөңгелекке ауысу — апатты жағдайдың алдын алудың тиімді жолы. Себебі жазғы шина суықта қатайып, жолға ілінісі әлсірейді. Соңғы күндері доңғалақ ауыстыру бекеттеріне келушілер саны күрт артқан. Қызмет ақысы да әртүрлі — көлік түрі мен дөңгелек көлеміне қарай 5 мың теңгеден бастап 25 мың теңгеге дейін барады екен.

Елмұрат Абдуқахаров, шебер: «Шиналардың бағасы 16 500-ден басталады. Арасында 30–40, тіпті 50 мыңдықтары да бар. Қымбаттары да кездеседі — 300 мың, 500 мың, тіпті 1 миллионға дейін баратындары бар. Ол енді маркасы мен көлеміне байланысты».

Беделді сервистерде шетелдік брендтердің бағасы жүздеген мың теңгеге дейін жетсе, қарапайым дүкендерде отандық не орта сапалы доңғалақтың құны 55 мың теңге шамасында. Шеберлердің айтуынша, жүргізушілердің көбі қауіптің алдын алып, қыстың алғашқы белгілерін күтпей-ақ қамданады. Дегенмен, әлі күнге дейін «қар жаусын, содан кейін ауыстырамын» дейтіндер де бар екен.

Закиржан акмалұлы,  шебер: «Бар ғой әлі, күтіп жүргендер бар. Әлі қар жауған жоқ қой. Қар түскен соң адамдар көбейіп кетеді. Бізде енді басталып жатыр, 2–3 күн болды адамдар келе бастады».

Мамандар ескертеді — ауа райы салқындамай тұрып дөңгелекті ауыстырған жөн. Өйткені минус 5 градустан бастап жазғы шинаның қасиеті төмендеп, тежеу қашықтығы бірнеше есе ұлғаяды. Бұл – жолдағы қауіптің басты себебі.

Есіңізде болсын, сапалы қысқы дөңгелек – көліктің ғана емес, адам өмірін де сақтап қалуы мүмкін. Сондықтан әр жүргізуші ертеңгі суыққа, бүгін қамданғаны абзал.

Ботакөз Ануар