Әкім орынбасары азаматтарды әлеуметтік маңызды мәселелермен қабылдады

60

 

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков әлеуметтік сала қызметкерлері күні қарсаңында азаматтарды әлеуметтік маңызды мәселелерімен қабылдады.

Онлайн қабылдауда болған жандардың өтініштері сан түрлі. Басым көпшілігі баспана, жұмыспен қамтуды, қоғамдық жұмыс және атаулы әлеуметтік көмек алуға ықпал етуді өтінген.

Азаматтардың бірі қоғамдық жұмыстың жалақысын көтеру мәселесін де көтерді. Алайда еңбек ақысы жоғары болатын тұрақты жұмысқа орналастыру ұсынысын 40 жастағы азамат қабылдағысы келмеді. Ерғали Дәулетбекұлы өз кезегінде әр азаматты жеке тыңдап, тиісті басқарма басшылығына мәселелерді заң аясында шешуді тапсырды. Өтініштердің шешімі жіті бақылауға алынды.

Қабылдаудан соң әкім орынбасары Шымкент қаласындағы №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барды. Ерғали Білісбеков орталықтың қызмет көрсету сапасын бақылап, қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

–Барлықтарыңызға ерен еңбектеріңіз үшін, қиындыққа қарамай төзімділік, қамқорлық танытып жүргендеріңізге алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да қызметтеріңізге асқан жауапкершілікпен қарап, балаларға мейірімді жанашыр боласыздар деген сенімдемін. Мұндағы әр бала ерекше ыстық ықылас пен назарға мұқтаж екенін өздеріңіз де білесіздер. Олар ештеңеден тапшылық көрмеулері қажет. Не қажет болса айтыңыздар. Әсіресе дұрыс тамақтануларын, сапалы ем қабылдауларын қамтамасыз етуіміз керек. Ет, жеміс-жидекті тікелей жеткізушілерден үзбеңіздер. Бұл бүлдіршіндерге қамқорлық танытып, қолдау көрсету барлығымыздың азаматтық міндетіміз,-деді Ерғали Білісбеков.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында бүгінгі таңда стационарлық үлгіде 130 және жартылай стационарлық үлгіде 95 адамға қызмет көрсетілуде. Медициналық қызметтен бөлек, әлеуметтік қызметкерлер жеке күтім және бақылауды қажет ететін 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауытқулары бар балаларға үй жағдайына жақын қамқорлық жасауда. Емдік массаж, физиоемдеу, монтессори кабинеті мен түрлі дәрігерлік көмектер көрсетіледі. Күнделікті балалардың денсаулығы тексеріліп, емдік-сауықтыру шаралары жүргізілуде. Алдағы уақытта қосымша емдік дене шынықтыру кабинеті ашылмақ. Қажетті оңалту және медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілетін кабинетте мүмкіндігі шектеулі балалардың жағдайы ескеріле отырып, тірек-қимыл және жүйке-жүйесіндегі ауруларға оңалту шаралары көрсетіледі . Сонымен қатар бұл кабинетте баланың жүйкесін тынышталдыру мақсатында музыкалық техникалар қамтамасыз етілмек. Орталық толығымен бейнебақылау камераларымен қамтылған. Бүгінгі таңда ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында, жобалық дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Қала басшысының орынбасары аралау барысында сондай-ақ, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысына әлеуметтік немесе медициналық мамандар тарапынан қандай да бір кемшілік орын алған жағдайда қадағалау органдарымен жан-жақты тексеру жүргізіп, қатаң шаралар қабылдауды тапсырды. Медицина қызметкерлеріне қатысты талап та күшейтілмек.