Белсенді азаматшалардан әлеуметтік топ құрылды

103

Шымкент қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою және оның алдын-алу мақсатындағы семинар – тренинг өтті. Түрлі сала мамандары мен қала белсенділерінің қатысуымен өткен тренингтің нәтижесінде өңірдің белсенді азаматшаларынан әлеуметтік топ құру жоспарда бар дейді ұйымдастырушылар.

Әйелдер құқығын насихаттауға бағытталған бұл шараның мақсаты әйел азаматтарының психологиялық, экономикалық, әлеуметтік белсенділігін арттыру. Ұйымдастырушылар, бұл бастама көптеген азаматшалардың өміріне оң өзгеріс әкеледі дейді.

Баян Жандосова, Шымкент қаласының Әйелдер кеңесінің төрайымы: «Өкінішке орай, әлі зорлық-зомбылық Қазақстан бойынша, халықаралық деңгейінде өте үлкен мәселе, бірлік бар жерде тірлік бар. Бәріміз осыны қолға алып, бірге жұмыс істесек, сауаттылығын ашып әйелдердің жұмысқа кіргізсек, зорлық-зомбылық көрген әйелдердің көзін ашып денсаулығын ойлай, репродуктивті денсаулығын ойлау, көбінесе әйелдердің денсаулықтар жоқ».

Ұйымдастырушылар, тұрмыста қысым көрген әйелдерге үлкен қолдау қажет екендігіне тоқталды. Біз оларға психологиялық тұрғыдан көмек көрсетіп, білімі мен біліктілігін көтеріп, жұмысқа орналастыру арқылы қоғамнан шеттеп қалмауына жағдай жасаймыз дейді мамандар.

Сағадат Сәбитова, БҰҰ-ның халықтың қоныстануы Қорының ұлттық кеңесшісі: «Семинардың тақырыбы әйелдердің әлеуеттігін арттыру, нығайту жолында жаңағы отбасылық зорлық-зомбылықтарға қарсы тұру олардың мәселелері жайында болады. Аудандық жерлерде әйел азаматтарының көбінесе өздерінің құқықтықтарын білмеу, сонымен қатар бүгінгі Қазақстанда болып жатқан ажырасудың көбеюінің мәселесі, ерте жүктілік және көптеген мәселелер қаралады».

Ұйымдастырушылардың сөзінше, осы сынды шаралар келер жылдан бастап барлық өңірлерде өткізілетін болады. Айта кетейік, бұл шара Қазақстандағы Швейцария елшілігінің қолдауымен, Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықтың қоныстануы Қоры мен Қалалық Іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері ұйымдастыруымен қолға алынған.

Диана Біржанова