Елімізде тоғыз банк таратылу процесінде тұр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады. Агенттік лицензиялары кері қайтарып алынған банктерді тарату өндірісінің тәртібі, процесі және қазіргі жай-күйі туралы мәлімет берді.
«Қазіргі уақытта 9 банк – Валют-транзит банк, Қазинвестбанк, Delta Bank, Эксимбанк Қазақстан, Астана Банкі, Qazaq Banki, Tengri Bank, AsiaCredit Bank және Capital Bank Kazakhstan таратылу сатысында», — делінген хабарламада.
Банктерді тарату тәртібі мен процесі
Банк қызметін тоқтату кезіндегі негізгі мақсат – кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру, олармен есеп айырысуды қамтамасыз ету және банктің барлық операциясын аяқтау, деп атап өтті агенттік.
Банк кредиторларының талаптары банктер туралы заңда белгіленген кезекпен қанағаттандырылады:
- бірінші кезекте, еңбекақы төлеу мен жеке тұлғалар бойынша талаптар қанағаттандырылады.
- екінші кезекте, жеке тұлғалардың депозиттері бойынша кепілдік берілген сома шегінде «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ алдында есеп айырысу.
- үшінші кезекте, банк мүлкінің кепілімен қамтамасыз етілген міндеттемелер бойынша есеп айырысу.
- төртінші кезекте, үлестес тұлғалар болып табылмайтын жеке тұлғалардың ҚДКҚ кепілдік берілген сомасынан асатын депозиттері бойынша, сондай-ақ зейнетақы активтерінің есебінен жүзеге асырылған депозиттер бойынша және «өмірді сақтандыру» саласы бойынша жүзеге асырылған сақтандыру ұйымдарының депозиттері бойынша есеп айырысуы.
- бесінші кезекте, коммерциялық емес ұйымдардың жекелеген санаттар (қайырымдылық ұйымдары, соғыс ардагерлері, мүгедектер қоғамдары) алдында есеп айырысуы.
- алтыншы кезекте, үлестес емес заңды тұлғалардың депозиттері бойынша есеп айырысу.
- жетінші кезекте, салықтар, алымдар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша есеп айырысу, республикалық бюджет қаражаты және Ұлттық қордың қаражаты есебінен берілген қарыздар.
- сегізінші кезекте, қалған кезектерге кірмеген басқа кредиторлар алдында есеп айырысу.
- тоғызыншы кезекте, үлестес жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша есеп айырысу.
- оныншы кезекте, реттелген борыш және мерзімсіз қаржы құралдары бойынша есеп айырысу.
Тарату өндірісін жедел аяқтау және кредиторлардың талаптарын өтеу мақсатында агенттік банктің тарату комиссиясын тағайындайды.
Шынар Оразова