Шымкентте Расул Естемесовтың жеке көрмесі өтті

295

Шымкентте Тәуеліздіктің 30 жылдығына арналған КСРО Суретшілер одағының мүшесі Расул Естемесовтың жеке көрмесі өтті.

«Көшпелілер өркениетінің өрнегі» атты шығармашылық көрмеге суретшінің достары, бейнелеу саласында білім алып жатқан студенттер қатысты. Суретшілік өнерде өзіндік қолтаңбасы бар қылқалам шебері Расул Естемесовтың еңбегі әрқашанда жоғары бағаға ие. Себебі, табиғатттың тылсым сырларына тіл бітіріп, бейнелеу өнерінің байырғы сипатын жаңғыртып жүрген суретшінің туындылары ешкімді бей жай қалдырмайды.

Ануар Айдосов, Бейнелеу өнері және дизайн кафедрасының доценті, ҚР Суретшілер одағының мүшесі: «Компьютер, интернет дамыған заманда суретші керек пе деп сұрауларың мүмкін. Суретшілер керек, тіл, дін, өнер  халыққа рух беретін дүниелер қажет. Өнердің түбі жоқ, шегі жоқ, ол мәңгілік!».

«Көшпелілер өркениетінің өрнегі» атты шығармашылық көрмеге суретшінің 70-ге жуық туындылары қойылыпты. Нәзіктік, қарама -қайшылық, махаббат, отбасындағы тіршілікті бейнелеген Расул Естемесовтың қолынан шыққан дүниелерді жүрегіңмен қабылдап, өнердің құдіреттілігіне сөзсіз сенесің, өнердің мәңгілігіне имандай иланасың.

Айнұр Нақыпбекова, жастар уақытын тиімді пайдалану орталығының қызметкері: «Ол кісі көп сөйлемейді, үнемі күлімсіреп жүреді. Расул ағаның ерекше  қасиеті жан сезімін ақ қағазға түсіру шебері. Сол арқылы бізді баулиды. Мен ол кісі қатты жақсы көремін, өйткені дарынды, адамгершілігі де мол, иманды, қарапайым, кішіпейіл».

Нина Офицерова, бейнелеу өнері  және дизайн кафедрасының оқытушысы: «Мені суретшінің шеберлігі, техникасы таң қалдырады. Кескіндеме арқылы жан дүниеңді, ойларыңды жеткізу оңай емес. Замандасым Расул Естемесовтың жұмыстарын мақтан етемін, сүйсінемін. Өзім оқытушы болғандықтан, ол кісіден үйренерім көп».

КСРО Суретшілер одағының мүшесі Расул Естемесов республикалық, халықаралық көрмелердің тұрақты қатысушысы. Түрлі жанрларды қамтыған философиялық тұрғыдағы туындылары адамды бірден баулып, ой салады.

Дариға Дінмұхамед, студент: «Бүгінгі көрме  мен үшін жаңашылдықтарға толы болды. Әсіресе, суретшінің  графикасы, техникасы керемет. Мен осыған дейін  шетел суретшілерінің  еңбектерін зерттейтін едім. Енді Расул  ағамыздың шығармашылық зерттейтін боламын. Үйренерім көп».

Суретке тіл бітірген майталман шара барысында шеберлік сабағын өткізіп, жинаған тәжірибесімен жастармен бөлісті. Расул Естемесов, бойына дарыған талантты қажырлы еңбегінің арқасында шыңдаған тұлға.

Расул Естемесов, суретші, «Құрмет» орденінің иегері: «М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Жетіасар» галереясында  жеке көрмем өтіп жатқанына қуаныштымын. Көптеген студенттер келді. Бар білгенімді, тоқығанымды соларға жеткізсем арманым жоқ».

Шынар Оразова