9-қабаттан 3 балаласын тастап, артынан өзі секіріп қайтыс болған Бақтыгүл Қыдырбаеваның денесі бүгін жер қойнына тапсырылды. Аталған оқиғаға байланысты жаңа деректер пайда болды. Қайғыдан қара жамылған марқұмның туыстарымен тілшіміз тілдесіп қайтты.
«Ол балаларын қатты жақсы көретін, ешкімге сенбей, тек өзі қарайтын», дейді марқұмның әпкесі.
Осыдан екі күн бұрын 9-қабаттан 3 баласымен қоса өзін тастап қайтыс болған Бақтыгүл Қыдырбаеваның бүгін жаназасы шығарылып, жер қойнына тапсырылды. Мәйіттерді отағасы Нұрсұлтан Оразов Алматыдан ауылға алып келген екен. Күні кеше телеарналарға сұқбат берген марқұмның жақындары бүгін сұрақтарымызға жауап беруден бас тартты. Десе де жаназаға қатысып шыққан Бақтыгүл Қыдырбаеваның туысқан әпкесі Оразкүл Мырзабекова қайғылы жағдайға байланысты өз пікірін білдірді. Оның сөзінше, ол отбасыда ұрыс-жанжал көп болған, ал қыздың ешандай психикалық ауытқуы жоқ.
Оразкүл Мырзабекова, марқұмның туысы: «Сол жерде көршілері 5 этажда тұратын әйел барлығын айтып берді. Бұл жерде үлкен жанжал болып тұрушы еді деді. Екеуінің арасында. Сол әулеттің абыройын сақтап осы уақытқа дейін бекітіп келген ғой бұл қыз. Ақыры шыдай алмаған соң осылай болған».
Ал марқұмның отбасы күйеу баланың шатақ мінезі жоқ, оның жанжал туғызып жатқанын көрмегенбіз дейді. Алайда, өздерінің аталған оқиғаға қатысты басқа күдіктері барын да жасырмады. Бақытгүлдің туған әпкесі Жанардың айтуынша, Нұрсұлтанның азаматтық некедегі екінші әйелі болған. Көп уақытын сол үйде өткізетін күйеуі өз отбасына өте сирек келіп-кететін көрінеді. Жанар Қыдырбаева тіпті ол әйелдің Нұрсұлтаннан аяғы ауыр екендігін айтады.
Жанар Қыдырбаева, марқұмның туған әпкесі: «Соңғы кезде күйеуінің екінші әйелі бар екен. Сіңлімнің айтуы бойынша, ол бір әйелмен танысқан екен, баласы бар отбасылы. Жағдайы жақсы әйел, 3 баласы бар. Оны осы августта жаңа пәтерге көшейін деп жатқанда айтқан маған, жылап тұрып. Шымкентте қалсай дегенімде, «бұл жақта өсеккке қалғым келмейді» деді. Эльвира екі рет жүкті болған екен. Қазір екіқабат екен ол. Білуімше 5 ай ғой деймін. Біріншісін аборт жасатқан».
Әпкесінің айтуынша марқұмның жолдасы әлгі әйелмен тек ақша үшін жүргенін, жағдайын оңалтып алған соң, өз отбасына қайтып келетінін айтқан екен. Ал Нұрсұлтанның «азаматтық жары» Бақтыгүлге хабарласып, одан ажырасуың керек» деп те сес көрсеткен көрінеді.
Жанар Қыдырбаева, марқұмның туған әпкесі: «Бақтыгүлге звондап қорқытты ма деген күдік бар. «Сен Нұрсұлтанды жайына қалдыр, менімен болсын» деген сияқты. Ол әйел Нұрсұлтанға ақша беріп тұратын сияқты. Нұрсұлтан «одан кеткім келмейді, өйткені маған оның ақшасы қызық, ал сендерді былай шынайы жақсы көрем» деп айтқан. «Анау айелмен тек ақшасы үшін жүрмін» деп айтқан».
Нұрсұлтанның ата-анасы да ұлдарының екінші әйелі туралы білген көрінеді. Тіпті ол әйелмен сөйлесіп, хабарласып тұрған. Мұны әпкесіне Бақтыгүлдің өзі айтып берген екен.
Жанар Қыдырбаева, марқұмның туған әпкесі: «Сіңлім олардың отбасын жек көріп кеткен. Қайныларын тіптен жамандамайтын, олар туралы айтпайды. «Енемді көргім келмейді, семьясын естігім келмейді» деп айтатын».
Сондай-ақ, әпкесі күйеу балдарының құмар ойынға қызығатынын да айтып қалды. Тіпті ойынға керек заттарды үйінен өз көзімен көрген де екен.
Жанар Қыдырбаева, марқұмның туған әпкесі: «Қайда жұмыс істейді, ақшаны қайдан табады деген кезде тіптен айтпайтын. Кейін үйіне барамыз ғой енді, сол кезде карталар тұратын еді, фишкалар, казиноның фишкалары тұратын. Линза болады ғой киіп ойнайтын, сондай линзалар болатын. Демек содан ақша тауып жүрген ол».
Жанар Қыдырбаева марқұмның қайтыс болған үлкен қызы құлап бара жатқанда төменгі қабаттардың бірінің терезесіне соғылып барып, жерге түскен, бірақ тірі болған дейді. Алайда, жедел-жәрдем ауруханаға апара бара жатқанда демі таусылыпты.
Жанар Қыдырбаева, марқұмның туған әпкесі: «Үлкен қызы Кәусар 8 этаждың терезесіне асылып түскен болу керек, тірі болған. Бірақ жедел жәрдеммен ауруханаға жетпей қайтыс болыпты».
Марқұмның туыстары Бақтыгүлдің жары көзіне шөп салғаннан кейін осы жағдай орын алды деп ойлап отыр екен. Себебі, оның қарызы да көп мөлшерде болмаған, қаражаттан қатты таршылық та көрмеген екен.
Жанар Қыдырбаева таралып жүрген қауесеттегідей Бақтыгүлдің ешқандай ауруының жоқ екенін, тіпті еш жерде есепте болмағанын айтты.
Хатта кемпірқосақтың суретін салған жоғарғы жағына, астына жазған «менің осы жағдайымды әпкеме ғана жеткізіңіздер, мен әпкемді жақсы көремін, әпкем ғана жылайды», — деп жазыпты.
Гүлдана Дәурен