Абай ауданы келер жылы ауыз су, электр жүйесімен толық қамтылады

52

Абай ауданындағы елді мекендер келер жылы инфрақұрылыммен толықтай қамтылмақ. Бұл туралы аудан әкімі Бұқарбай Парманов өткен 9 айдың қорытындысы бойынша есеп беру барысында мәлімдеді. Айтуынша, жаңадан пайда болған шағынаудандардағы су, газ, электр жүйесі сынды мәселелер кезең-кезеңімен жүзеге асып келе жатыр.

Абай ауданындағы 34 елдімекеннің кейбірі су, газ, электр жүйесі сынды инфрақұрылымнан жұрдай болып отыр. Бірақ, аудан әкімі Бұқарбай Парманов алдағы уақытта бұл проблеманың бәрі шешілетінін жеткізді.

Бұқарбай Парманов, Абай ауданының әкімі: «Ауыз су мәселесі бойынша Абай ауданында 34 елдімекен болатын болса, соның 24-і табиғи құбыр суымен қамтамасыз етілген, 10 елдімекенде бұл проблемалық мәселенің жұмыстары жүріп жатыр. 461 млн. теңге ЖСҚ қаржылар бөлінді. Оның 197 млн. теңгесі ауыз су мәселесі бойынша 10 елдімекенге қаржы бөлініп, ол жерде жоба құны 14 млрд. 800 млн-дық жоба жасалынды. Ол енді 2020-2021 арасында 909 млрд. теңге қаржы игерілді. 2022-ге 5 млрд теңгесі өтпелі болып отыр».

Аудан әкімі инфрақұрылым бойынша 3 өзекті мәселе бар екенін алға тартты. Олар кәріз жүйесі, жол құрылысы және көшелерді жарықтандыру. Абай ауданында қазіргі таңда 26 елді мекен кәріз жүйесімен қамтылмаған болса, 352 көшеге асфальт төселуі тиіс. Сондай-ақ, 200 көше жарықтандыру жұмыстарын жүргізуді қажет етеді.

Бұқарбай Парманов, Абай ауданының әкімі: «Кәріз жүйесі бойынша айттық, Абай ауданында 34 елдімекен болатын болса, бүгінгі күнде 8 елдімекен 23,5 пайыз кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген. 26 елдімекен 76,4 пайыз кәріз жүйесімен қамтамасыз етілмеген. Кәріз тазалау имараттары құрылыстары басталады. Сол кезде 11 елдімекен қосылады. Олар Ақниет, Қатынкөпір, Телман, Агрпром, Самал-1, Жайлау, Қорғасын – 1,2».

Бұқарбай Парманов Мемлекет басшысының жолдауындағы «Халық қатысатын бюджеттің» орталыққа бағынатын қалалар мен облыс орталықтарына табысты енгізілгенін атап өтті. Яғни, азаматтардың нақты сұранысына сәйкес ондаған абаттандыру жобасы жүзеге асырылып отыр. Нәтижесінде 222 аула абаттандырылып, 56 спорт алаңшасы салынған.

Әлихан Файзханов