Қала көшелерінде қаңғыбас иттер көбейді. Абай ауданының тұрғындары бұралқы иттерден қорқып, далаға емін-еркін жүруден қалдық дейді. Ал әкімдіктегілер мұндай жағдайға тұрғындардың өз иттерін бақылаусыз қалдыруы әсер етеді деп отыр. Былтыр 150 адам осындай себеппен айыппұл арқалапты.
Абай ауданының тұрғындары қаңғыбас иттерден әбден мезі болған. Көшеде топтасып жүретін төрт аяқтылардан қорыққан жұрт баласын көшеге жалғыз жіберуге жүрексінеді. Ата-аналар мектепке дейін бірге барып, тіпті есігінен кіргізіп кетуге мәжбүр. Тұрғындардың бұл жанайқайы бүгін аудан әкімімен кездесуде айтылды.
«Таңға жуық иттер біреу үйретіп қойғандай қатар жүреді. Оқушыларды мектепке кіргізіп жібереміз. Азанғы кезде. Түсте-кешке олар жүрмейді. Ит өте көп. Кеше мына көшені аралап өтсем біреудің есік алдында 5 күшігімен дәу анасы жатыр. Адамнан қорықпайды»
Жиында аудан тұрғындары иттерді ұстаудың қазіргі тәсілін сынға алды. Айтуларынша, тормен аулау кезінде жануарлар ашуланып, адамға тап беруі мүмкін. Тіпті кейбірі сытылып кетіп, жағдайды одан әрі ушықтырып жатыр екен.
«Қанша иттер келеді көшемізге кіруге қорқамыз. Осыдан 3-4 жыл алдын шприцпен атып, сөйтіп солай алып кетсе жақсы болар еді. Өткенде чатта айтылып жатыр менің қойларымды, тауықтарымды жеп кетті деп. Осы Тәуелсіздікті де бір тазалау керек»
Ал жауаптылар қаңғыбас иттерге қатысты жұмыстардың бекітілген халықаралық талаптарға сай жүргізілетінін хабарлады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, иттерді атуға қатаң тыйым салынған. Осыған байланысты оларды арнайы құралдармен аулап, зарарсыздандыру шаралары жүргізіледі.
ШӘКІР СҰЛТАНХАН, АБАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: «Мемлекет тарапынан оған ұстау жұмыстары жүреді. Арнайы питомник ашылған бізде. Ол алдын болмаған. Қазір сол питомникте итті апарып, кастрация жасап, шығарады. Көбеймеуі үшін. Бірақ оларды өлтіруге болмайды»
Айта кетейік, өткен жылы қала аумағында 40 мыңнан астам қаңғыбас ит пен мысық ауланған. Олардың 2000-ға жуығына кастрация жүргізіліп, қайта босатылды. Мамандар тұрғындарды үй жануарларына жауапкершілікпен қарап, оларды далаға жібермеуге шақырады.
Лаура Бабас






