Айкөл тұрғын алабына ауызсу берілді. Бүгін қала әкімі нысанда болып, жаңадан салынған су жүйесін таныстырды. Жоба шеңберінде 15 шақырымға су құбыры тартылып, нәтижесінде 38 нысан толық ауызсумен қамтамасыз етілді.
Назым Қалыбекова 40 жылдан астам уақыт бойы ауызсуды үнемдеп, әр тамшысын қадірлеп келген. Ол үшін бүгінгі күннің жөні бөлек. Себебі Айкөл тұрғын алабына ақыры су жүйесі жүргізілді. Бұған дейін шелек сүйреп, су тасып әбігерге түскен жұрттың қуанышында шек жоқ.
НАЗЫМ ҚАЛЫБЕКОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Бұған дейін ауыз суды құдықтан алып іштік. Одан қаладан водовозбен тасып іштік, басқа су жоқ. Кір де жуамыз, ыдыс та жуамыз, ішеміз де. 2 тонналық бөшкеміз бар, соған құйып аламыз. Сөйтіп соны іштік. Енді жайланамыз деп отырмыз. Бақша ексек па деп отырмыз. Жеміс жидектер ексек па деп отырмыз»
Жоба аясында Айкөлге 15 шақырымға жуық су құбыры жүргізілген. Су Құрсай жақтан жеткізіліп жатыр екен. Нәтижесінде 38 нысан толығымен ауыз суға қосылды. Алайда қала аумағында әлі күнге дейін таза суға мұқтаж елдімекендер бар екені жасырын емес.
РЗАБЕК МЕҢДІҚҰЛОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Бізде қалған елді мекендер бар суға қосылмаған. Олар гидрогеолог, Жиделі, Испиджаб Сайрамдағы. Оларды қосса қаланың сумен қамту көрсеткіші 100 пайызға көтеріледі. Оларда су жоқ қазір суды тасып, водовозбен алады»
Жалпы Шымкентте инфрақұрылым саласындағы жұмыс күннен-күнге қарқын алып келеді. Жыл соңына дейін қала халқының 99,9 пайызы таза ауыз суға қол жеткізбек. Газбен қамту 98 пайызға дейін өсіп, кәріз жүйесіне қосылған үйлердің саны да 65 пайызға жетеді деп жоспарланып отыр. Жауаптылардың айтуынша, келер жылы мегаполис электр жарығымен толық қамтамасыз етіліп, тұрмыс сапасы тағы бір сатыға көтеріледі дейді жауаптылар.
Лаура Бабас






