Әйелдерге арналған түзеу мекемесінде концерт қойылды

27

Қатаң режимдегі әйелдер колониясында жазасын өтеушілер үшін бүгін концерт ұйымдастырылды. Шағын сахнада сатира театрының әртістері өз нөмірлерін ұсынды. Ән айтып, би билеген әртістер көрермендерін қуантуға тырысты. Ал мерзімін өтеушілер қойылым үшін театрға үлкен қошемет көрсетті.

Концерт басталмай тұрып, өнер иелері жазасын өтеушілермен біраз қалжыңдасып алды. Өйткені, олар үшін әйелдер нәзік жанды тұлға ғана. Шоу көрсеткен әртістер жиналғандарға әзіл мен ойын түрлерін молынан көрсетті. Қойылымды тамашалағандар арасында кісі өлтіріп, ұрлық жасаған және басқа қылмыс жасап сотталғандар да бар.

Күлкі адам өмірін ұзартады деген әртістер, сотталғандар үшін қызықты және көңілді бағдарламалар ұсынды. Өмірі тар қапаста өтіп жатқан ханымдар үшін түрлі әндер де айтылды.

Сүндет Елеусізов, ИЧ 167/4 түзеу мекемесі бастығының орынбасары: «Шымкент қаласы бойынша ИЧ 167/4 жазасын өтеп жатқан азаматшаларға тәрбие бөлімінің қызметкерлері ұйымдастыруымен әзіл-сықақ Шымкент қалалық әзіл-сықақ сатира театры «Күл», «Қордай сазы» қойылымы көрсетілді. Аталған тәрбиелік іс-шара сотталған азаматшалардың бойтүзелуіне, ішкі дүние тыныштығы, сондай-ақ моральдық психологиялық ахуалды қалыптастыруға көмектесетіні әбден анық».

Мұндай мерекелердің басты мақсаты — сотталғандар арасында керемет көңіл-күйді қалыптастыру. Көңіл көтеру мен бостандыққа шығуға дайындау.

Айта кетейік, сотталғандардың арасында өте талантты әйелдер де бар. Түзеу мекемесінің өкілдерінің айтуынша, мұнда үнемі әр түрлі концерттер өткізіледі және сотталушы азаматшалар кәсіби әртістерден кем өнер көрсетпейді.

Әлихан Файзханов