Бақытын Шымкенттен тапқан башқұрт отбасы

33

«Отбасы тарихы» репортаждар сериясын жалғастырамыз. Бұл жолғы кейіпкеріміз башқұрт этнос өкілінің жанұясы. Исмагилов әулеті бақыт пен береке бірліктің сырын түсіндірді.

Башқұртстанда туып өскен Рамил Исмагилов студент шағында өмірлік серігін Қазақстанда жолықтырған. Жан-жарының туған жерінен жыраққа кеткісі келмегенін байқаған ол осында қалуды ұйғарады. Уақыт өте келе өмір сүруге жайлы қаладан ешқайда кеткім келмеді дейді Рамил.

Рамил Исмагилов: «Шымкент біз үшін өте ыңғайлы, жайлы болды. Осында еңбек еттік, үй тұрғыздық, ауламызда кішігірім егіншілікпен айналыстық. Ұрпақ тәрбиеледік. Бақытты отбасым болды. Ең бақытты сәттерім осында өтті. Сол үшін де мен үшін ыстық мекен».

Ал Зейтуна Шафикова мәдениет саласында еңбек еткен. Өз саласының үздігі болған маман қазір бақытты әже. Ол шәйнек коллекциясымен айналысады. Төрде тізілген бұл жәдігерлердің әрқайсысының ерекше естелігі, тарихы бар.

Өзі сыйға шәйнек алуды қатты жақсы көреді. Сәйкесінше басқаларға да сыйға тартады. Айтуынша бұл бір бөлігі ғана. Ал қалғанын жақындарына естелікке таратқан екен.

Біздің шығармашылық ұжымды башқұрт ұлтының ұлттык киімін киіп қарсы алған отбасы қазақ пен башқұрт ұлттың әдет-ғұрып және салт-дәстүрінде көп ұқсастық бар екенін жеткізді. Әсіресе ек ұлтқа ортақ тағам түрі көп. Мәдениет саласының үздігі дастархан басында ән шырқап, арна көрермендеріне өнерін көрсетті.

40 жылдан астам отасқан жұп бақыттың басты сыры сыйластықта екенін айтады. Олар үшін адамдардың бір-біріне мейірімділік танытуы бақыт пен береке бірліктің кілті.

 

Жанерке Хумар