Соңғы 5 жылда «Еңбек» бағдарламасы аясында Шығыс, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарына Түркістан облысынан 9733 адамды құрайтын 2525 отбасы қоныс аударған.
Ал биыл көшкендер саны еселеп артып, 3730 мүшесі бар 816 отбасы солтүстік облыстарға көш түзеген. Бүгін бұл туралы «Nur Otan» партиясының жанындағы республикалық қоғамдық кеңесіннің онлайн отырысында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев мәлім етті.
Жиынға ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы жанындағы Жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесіннің төрағасы Елнұр Бейсенбаев төрағалық етіп, жауапты министрлік пен облыс әкімдіктерінің есебін тыңдады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев, Мәжіліс депутаты Еділ Жанбыршиндер қатысып, өз ойларын ортаға салды.
Жалпы бағдарлама басталғалы Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарынан арнайы делегациялар Түркістан облысына тұрақты түрде келіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. Қалған екі облыста бұл жұмыстар баяу. Сондай-ақ биыл жеке кәсіпкер, қоғам белсендісі Жаңабай Ағабеков өз қаражаты есебінен автобус жалдап, облыстан 30 адамның Павлодар облысына барып-қайтуына демеушілік жасаған. Нәтижесінде барып қайтқан 30 адамның 28 отбасы Павлодар облысына қоныс аударған.
«Көші-қон жұмыстарын жандандыру үшін Павлодар, Қостанай, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарына көшуді насихаттауды ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен облыс әкімдіктерінің қолдауымен үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер де тартылып, жүзеге асырылуы керек. Сондай-ақ ол солтүстік өңір әкімдіктерінің халық көп қоныстанған Сайрам, Жетісай және Сарыағаш аудандарында фронт-офис түрінде өкілдігін ашуды қолға алу қажет. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы бойынша жұмыс атқарғысы келетін кәсіпкерлерге логистикасы дамыған елдімекендерден жылыжайлар мен мал бордақылау алаңдарын салу үшін 1-2 пайызбен жеңілдетілген несиелер, субсидиялар, гранттар беру қажет деп есептейміз. Солтүстік пен шығыстағы ауылдарды көріп, жағдайымен танысып қайту үшін азаматтарға бір реттік жолақы қаржы қарастыру керек. Қазір бұл мәселе демеушілер арқылы шешілуде. Бірақ ол уақытша іс», – деді Бейсен Дәулетұлы.
Сондай-ақ ол оңтүстік өңірден ерікті түрде қоныс аударуға ниет білдірген азаматтарға көшіп баратын өңірден 1 айлық жатын орнымен қамтамасыз ететін орталық ашуды да ұсынды. Солтүстікке көшкен азаматтардың несие қарызын өтеуді 1 жылға шегеру, некеде тұрғандарды баланстық құнның қалдық құнымен 5 жыл өткеннен кейін жекешелендіру құқығымен пәтерді жалға беру, оңтүстік өңірдегі ірі кәсіпкерлері мен іскер азаматтарына солтүстіктен шаруашылық мақсаттағы жерді жалға беру ісін жандандыру қажет деп есептейді. Егер бір кәсіпкер 10 немесе 20 отбасыны көшіріп, оларды жұмыспен қамтыса, мемлекеттік қолдаулар көрсетілуі тиіс. Көпбалалы отбасыларға, «Күміс алқа», «Алтын алқа» иелеріне ерекше жағдай, қосымша көмектер үйлестірілуі керек деген сынды ұсыныстар да айтылды.
Отырыста «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы туралы да сөз болды. Аталған бағдарлама аясында соңғы 5 жылда Түркістан облысы бойынша жоғары оқу орындарына 10364 жас оқуға қабылданған. Биыл «Серпін» жобасының 320 түлегі оқуды аяқтағанымен Солтүстік өңірлеріне тұрақты жұмысқа тұра алған жоқ. 2019 жылы 5109 грант бөлініп, 2292 адам оқуға түссе, 2020 жылы 979 адам ғана қабылданған. Гранттарды толық үлестіру жұмыстарын жауапты министрлік тиянақты түрде жүргізуі тиіс.
Отырысты қорытындылаған кеңес төрағасы Е.Бейсенбаев жиын барасында айтылған ұтымды ұсыныстардың бағдарламаларға енгізілетін жеткізді.