Наразы халықтың уәжі ескеріле ме?

60

Түлкібастықтар зауыт құрылысын қалай да тоқтатамыз деп отыр. Осыған дейін Түркістан облысы, Түлкібас ауданында салынып жатқан зауыт құрылысына қатысты тұрғындар наразылығын білдіріп, бас көтергенін айтқан болатынбыз. Айтулы мәселеге қатыстыТүлкібастық тұрғындармен кездесуге облыс әкімінің орынбасары Рашид Аюпов келді.

Тұмса табиғаты бар Түлкібас жеріне цемент зауыты салынады дегенге наразы болған жұрт бұған дейін де бірнеше рет бас көтеріп шыққан еді. Дегенмен жиналған көпшілік билік өкілдерінен мардымды жауап ала алмаған. Аудан тұрғындары сұрағымызға жауап береді деп 13 қараша күні облыс әкімінің орынбасарын күткендерін айтады. Алайда,ол күні ешкім келе қоймапты.

«Сізді күттік сенбі күні, сізді келеді деді, анда күттік, одан мына жаққа келеді деді онда барып күттік. Кемедіңіз ең аяғында. Өткенде халық жиналғанда неге келмедіңіз? Неге халық шақырғанда сіздер келмейсіздер? Бірінші күннен бастап бәрі курста дедіңіздер, ал курста болсаңыздар біздің мәселені толықтай білесіздер. Бір рет емес 2-3 мәрте жиналып тастадық» дейді ашынған жұрт.

Бұрын мал бағып өмір сүрген халық енді ағын су көздері тартылып кеткендіктен жақын арада мал тұрмақ, өзіміз сусыз қаламыз ба деп алаңдап отыр. Жиналғандардың айтуынша құрылыс жақтан келетін шаңнан жақын маңдағы ауыл тұрғындарының көбінде түрлі аллергиялық аурулар пайда болған.

«Шақпақ деген желіміз бар, тура қалаға мына 1 млн.300-ге ұрады да тұрады мынаның қалдығы. Кеше мына алдыңгүні біз тұрғанда қандай тұман еді ана жер, енді қар жауып ашылды. Енді осыны 2 есе қылайын деп жатсыңдар ма? Ұрпағымызды жояйын деп жатсыңдар ма?! Тұр ғой 1 завод, екінші завод бізге енді артық!» дейді тұрғындар.

«2 жылдың ішінде әрқайсысының есік алдында, әр көшеде бір-бір бұлақтан болатын. Барлық бұлақ тарылып кетті осы жерде, қазір сол бұлақтан біреуі қалмады. Жарылыс болмай тұрып сол бұлақтың бәрі бар еді. Ол бір, ал жаңағы айтып жатқан каналымыз 30 процентке азайып кетті. 1 бұтақ кескенге 25 мың штраф төлеген, ал мынада қаншама тал кесіліп жатыр» дейді тағы бір тұрғын.

Облыс әкімінің орынбасары Рашид Аюпов зауыт құрылысына байланысты әлі ешқандай шешім қабылданбағанын жеткізді. Сөзінше, жоба тек қаралу үстінде, ал оны салу немесе салмау мәселесі әлі белгісіз. Егер жоба құжаттары дайын болса, міндетті түрде қоғамдық тыдалым өтіп, халықтың келісімі сұралады дейді.

Рашид Аюпов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары: «Жоқ зауытты, құжаты жоқ зауытқа айқай-шу көтерген қазірден дұрыс емес шығар, бірақ егер нақты ойларыңыз сондай болса, бірге жоспар құруымыз керек, біз жолын айтуымыз керек. Оған айқай-шудың қажеті жоқ. Басты-басты 10 сенімді адам тауып берсеңіздер, ары қарай бірге жұмыс істеуге болады, бірге қарауға болады».

Рашид Аюпов алдағы уақытта тұрғындармен бірлесе жұмыс істей отырып, мәселенің ешкімге зиянын тигізбейтін шешімін табамыз деп отыр. Ал тұрғындар, шенеуніктер сөзінде тұрса, біз күтуге дайынбыз дейді. Дегенмен, атқарылатын барлық жұмыстар ашық түрде, халықтың көзінше жүргізілсін деген талап қоюда.

Рашид Аюпов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары: «Тұрғындардың талабымен келіп отырмыз. Өмірзақ Естайұлы арнайы жіберіп отыр. Халықтың талабын, уәжін, көкейіндегі сұрақтарын тыңдап, барынша жауап беріп, ары қарай не істейтінімізді, біздің қазір келіскеніміз осы 5-6 елдімекеннен әркім өзіне сенімді адамын таңдайды. Соған қоғамдық ұйым құрып, солармен бірге заңды түрде жұмыс істейтін боламыз. Ары қарай зерттеу жұмыстары, не үшін жарылып жатыр немесе су неден кетіп қалды деген сияқты оның бәріне ғылым керек әрине, сондықтан да осы жұмысты бірлесіп ары қарай жұмыс істеп, ары қарай заң бұзушылыққа бармаймыз деп келісіп отырмыз».

Бұл мәселенің жақын арада шешілуі екіталай, әрине. Тексеру жұмыстарының ұзаққа созылатынын басшылық та атап көрсетті. Дегенмен қуантарлығы, билік халықтың үніне құлақ асып, бірге шешімге келуге келісіп отыр.

Гүлдана Дәурен