Түлкібас ауданында ауыл шаруашылығы, оның ішінде сүт саласы жаңа қарқынмен дамып келеді. Табиғаты шұрайлы өңірде бүгінде табиғи өнім өндіруге басымдық берілген. Мұндағы цехтар заманауи технологиямен қатар, ата-бабадан қалған дәстүрлі әдісті жаңғыртып отыр. Жергілікті цех шығарған өнім бүгінде тек облыс ішінде емес, көршілес аймақтарда да үлкен сұранысқа ие. Күніне тонналап сүт өңдейтін кәсіпорынның жұмыс ырғағымен тілшіміз танысып қайтты.
Құрт, ірімшік, қаймақ, сүт, айран. Түлкібастың бұл өнімдері тек Түркістан облысында емес, іргелес қалаларда да жоғары сұранысқа ие. Бұл танымалдылықтың құпиясы — өнімнің табиғи тазалығында. Мұнда күн сайын жергілікті тұрғындардан бір тонна сүт жиналады. Соның тең жартысы, яғни 500 литрі бірден май шайқауға жіберіліп, дастарханның сәні болған сары майға айналады
НӘЗИРА АЙДАРҚҰЛОВА, ЦЕХ ҚЫЗМЕТКЕРІ: «500 литр сүтімізді біз ұйытып бір күн қоямыз. Ол айрандарды сосын мына машинаға салып біз мынадай таза өнім май шығарамыз. Күніне 15-20 кг май шығады бізден. Таза өнім. Ешқандай қоспасы жоқ. Ал қаймақ қаймақтай кетеді. Ал қаймақ пен майдың сүзбесін біз құрт қылып жасаймыз».
Бүгінде бұл цехта 10 қызметкер жұмыс істейді. Ең бастысы — олардың барлығы осы Түлкібас ауданының тұрғындары. Кәсіпорын тек сапалы өнім шығарып қана қоймай, ауыл халқын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мамандардың айтуынша, мұнда техниканың күшінен бұрын, адамның қол еңбегіне басымдық берілген. Әрбір өнім нағыз үй дәмін сақтауы үшін барлық процесс қолмен атқарылады.
ӘЛИЯ МОЛДАҒАЛИҚЫЗЫ, ЦЕХ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Сүт пісіреміз. Оны айран қылып ұйытамыз. Одан май шығарамыз, қаймақ шығарамыз. Ірімшік, брынза сыр жасаймыз. Қызыл ірімшіктеріміз бар. Құртымыз бар».
Қазіргі таңда цех өнімдеріне көршілес Тараз қаласынан да сұраныс жоғары. Мұнда шайқалған қаймақтан нағыз қолдың сары майы мен құрттың 14 түрі дайындалуда. Мамандардың айтуынша, өнімнің тіл үйірер дәмі — ежелгі дайындау технологиясы мен таза шикізаттың үйлесімінде жатыр. Осылайша, ата-баба дәстүрін сақтап, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған шағын цех бүгінде өңірдің мақтанышына айналған.
Ботакөз Әнуар






