Úı ANONS Тұрғындар көше атауларына наразы

Тұрғындар көше атауларына наразы

Нөсерлі жауынға қарамастан, қала әкімінің көшпелі қабылдауы тоқтаған жоқ. Бұл жолы шаһар басшысы Еңбекші ауданының халқымен кездесті. Тұрғындар ауданның инфрақұрылымы мен әлеуметтік мәселелерін сөз етсе, кейбірі жеке мәселелерін ортаға салды. Көпшілікті алаңдатқан негізгі түйткілдер жайлы алдағы сюжетте тарқатамыз.

Еңбекші ауданының тұрғындары көше атауларына наразы. Жергілікті жұрт өңірден шыққан батырлар мен ардагерлердің есімі ұлықталмай отыр деп қынжылады. Тіпті әкімдік тарапынан халық пікіріне жеткілікті мән берілмейді деген сын да айтылды. Ашуға булыққан бұқара бұл мәселені шаһар басшысының көшпелі кездесуінде көтерді.

«Көшелердің атын ауыстырады. Оны кім ауыстырады? Комиссия ауыстыра ма, әкім мырзалар ауыстыра ма? Халықпен ақылдаспайды! Мысалы бізге Қаражал көшесін қойып қойған. Шамалған дегенді қойып қойған. Бізге қандай қатысы бар олардың? Неге халықпен ақылдаспайсыздар? Өзіміздің ауылдан шыққан ардагерлеріміз бар, соғысқа қатысқан батырларымыз бар. Неге солардың аттарын беруге болмайды оған?!»

Ал әкімдік өкілдері қала көшелеріне атау беру жұмысы жергілікті халықтың келісімімен жүзеге асатынын айтты. Дегенмен бұл мәселенің оңай шешілмейтінін де жасырмады. Олардың сөзінше, түпкілікті шешім республикалық деңгейде қабылданады екен.

ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ,  ҚАЛА ӘКІМІ: «Ат ауыстыру қазіргі кезде оңай емес. Біз бұрынғыдай облыстың мегаполистің көлемінде комиссия құрып, оны ономастикалық комиссияның деңгейінде қабылдай алмаймыз шешімді. Республикалық деңгейде қабылданады шешім. Біздің ойымызда болсын ат ауыстыру бойынша»

Сондай ақ, жиында жергілікті жұрт су тапшылығына байланысты алаңдаушылық білдірді. Бақша егіп, соның өнімін сатып күн көріп отырған халық бүгінде ағын судың жетіспеуінен әбден титықтаған.

«Негізі біздің Маятас елдімекеніне ауыз су арық-атыздардан келеді. Біз барлығымыз бақша егеміз. Сондай мәселелер бар. Сол Маятастың жартысына ғана су барады, ары қарай су бармайды»

Тұрғындардың жанайқайынан кейін бұл мәселе аудан әкімінің бақылауына өтті. Бірақ оның нақты қашан оң шешімін табары беймәлім күйінде қалды. Жауаптылар халықтың үні елеусіз қалмайтынын айтып, мәселенің кезең-кезеңімен шешілетінін алға тартты.

Лаура Бабас