Шымкент: Алаяқтықпен 4,2 миллион теңге алған күдікті ұсталды

60

Шымкентте алаяқтықпен айналысты деген тағы бір күдікті қолға түсті. Қала тұрғындарының бірі алаяққа алданып қалғанын айтып, полицияға жүгінген.

Еңбекші ауданын Полиция басқармасына арызданған тұрғын, белгісіз тұлғаның Бозарық елдімекенінен 4 жер телімін алып беремін деп әбден сендіріп, алаяқтық жолмен 4,2 миллион теңгесін алған. Алайда арада біршама уақыт өтсе де, жәбірленуші не жерін, не ақшасын кері қайтарып ала алмаған.

Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 190-бабы яғни Алаяқтық бойынша сотқа дейінгі бірыңғай тізіліміне тіркелді. Нәтижесінде тәртіп сақшылары шұғыл іздестіру жұмыстарын жүргізіп, күдіктінің жеке басын анықтады.

Ол тұрғыннан ақшаны алғанын мойындап, оны өз қажеттіліктеріне жаратып жібергенін айтты. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде.

Әлихан Файзханов