Шымкентте дене шынықтыру сабағынан кейін 7-сынып оқушысы қайтыс болды

234

Шымкентте 12 жасар мектеп оқушысы қайтыс болды. Белгілі болғандай бала дене шынықтыру сабағы кезінде өзін жайсыз сезіне бастаған.

Шымкентте 7 сынып оқушысы «Жедел жүрек-өкпе жетіспеушілігі» диагнозынан көз жұмды. Марқұм Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты «Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған IT лицей-интернатының» оқушысы. Ағымдағы айдың 19 күні, 12 жастағы жасөспірімнің жағдайы күрт нашарлауына байланысты  жедел түрде ауруханаға жеткізілген. Арада 1 күн өтпей, яғни, баланың сол түні кешке көз жұмғандығы белгілі болды.

«Дәл осы спортзалда дене тәрбиесі сабағында жаттығу жасап, алаңсыз секіріп – ойнап жүрген 7 сынып оқушысы жағдайының болмай тұрғанын айтып мұғаліміне келген. Дене шынықтыру сабағының мұғалімі 12 жастағы оқушысының қалі нашарлағанын көріп тез арада мектеп дәрігерінің көмегіне жүгінгендігін айтады».

Абу-Али Ағабаев, Дене шынықтыру пәні мұғалімі: «Жаттығу жасап болғаннан кейін жүрегі айнып сұранды. 2 минутқа жетпей жағдайы нашарлап, жедел жәрдем мен ата анасын шақырдық».

Мектеп директоры қаза болған баланың білім ордасына  биыл арнайы іріктеумен қабылданғанын айтады әрі сабақ үлгерімі мен тәртібі де жақсы болған көрінеді.

Көпшілік арасында қайтыс болған жасөспірімнің өліміне екпенің әсері бар деген ақпарат тарап үлгеріпті. Дегенмен баланың анасы вакцина алудан ресми түрде бас тартқан екен. Дәрігерлердің алдын ала болжамы бойынша бала жүрек ауруынан көз жұмуы мүмкін. Бірақ, ол осы уақытқа дейін денсаулығына байланысты ешқандай есепте тұрмаған көрінеді..

Мектеп оқушысының нақты неден көз жұмғаны әзірге белгісіз. Мамандар  оның себебі арнайы сот сараптамасынан кейін ғана белгілі болады дейді.

Аида Қарсыбайқызы