Биыл мегаполисте 16 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасады. Оның 10 мыңнан астамы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш берген. Қазір қалада тестілеуді ұйымдастыру және қорытынды аттестаттауға дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл туралы брифинг барысында мәлім болды.
Биыл Шымкент қаласында үздік оқушылардың саны артқан. Білім басқармасының мәліметінше, «Алтын белгіге» 800 ге жуық оқушы үміткер болып отыр. Бұл көрсеткіштер өткен оқу жылымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары дейді жауаптылар. Нақтырақ айтар болсақ, былтыр 680 оқушы алтын белгімен аяқтаған.
ГҮЛНӘР ТҰРДЫБАЙҚЫЗЫ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Биыл алтын белгіге үміткер 786 оқушы. 11-сынып бойынша «Үздік» аттестатқа — 1 123 үміткер; 9-сынып бойынша «Үздік» аттестатқа — 1 580 үміткердің құжаттары жинақталды».
Ал қорытынды аттестаттау емтихандары бекітілген кестеге сәйкес өткізіледі. 9-сынып оқушыларының бітіру емтихандары 29 мамыр мен 11 маусым аралығында төрт пән бойынша ұйымдастырылады. Атап айтқанда, оқушылар ана тілі, математика, қазақ тілі мен әдебиеті және таңдау пәнінен сынақ тапсырады. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда барлық білім беру ұйымдарында дайындық жұмыстары толық жүргізіліп жатыр. Негізгі мақсат, түлектердің емтихан мен тестілеуді ашық, әділ әрі қауіпсіз жағдайда тапсыруына мүмкіндік жасау.
ГҮЛНӘР ТҰРДЫБАЙҚЫЗЫ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «11 сынып білім алушыларының бітіру емтихандары 2026 жылғы 2–15 маусым аралығында бекітілген. Бес пән (ана тілі, математика, Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті және таңдау пәні) бойынша өтеді».
Айта кету керек, 2025–2026 оқу жылында қала бойынша жалпы 16 мың 32 оқушы мектеп бітіреді. Оның 64,1 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдірген. Тестілеу мерзімі 12 маусым мен 10 шілде аралығы болып бекітілген. Қазіргі таңда тестілеуді ұйымдастыру және өткізу жұмыстары белгіленген талаптарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Ал, талапкерлерге қолайлы жағдай жасалған.
Нұргүл Жолымбетова






