Оқушылар сабақ үстінде ойын ойнаған ба? Түркістан облысындағы мектептердің бірінде түсірілген видео әлеуметтік желіні шулатты. Онда сабақ кезінде мұғалім сөйлеп тұрған сәтте оқушылардың емін-еркін ойнап отыруы қызу талқыға түсті. Бұл расымен сабақ па, әлде үзіліс сәті ме?
Бұл- әлеуметтік желіде таралған видео. Онда мұғалім мен оқушылардың сыныптағы әрекеті бейнеленген. Мұғалім өз алдына әлденеді айтқаны, ал оқушылар ұстазының сөзіне мән бермей ойын ойнап отырғаны байқалады. Кейбірі емін-еркін ары-бері жүреді.
Видео әлеуметтік желіде таралғаннан қызу талқыға түсті. Әркім әртүрлі пікір жазды. Ішінде бұл үзіліс кезінде түсірілген видео екені де айтылады. Басым бөлігі мұғалімді жақтап жатқаны байқалады. Мұғалімнің кім екенін, қай пәннен сабақ беретіні беймәлім. Онымен сөйлесіп, мән-жайды анықтау мүмкін болмады. Ал облыстық білім басқармасы оқиға Сарыағаш ауданы Мұқағали Мақатаев атындағы №38 мектепте болғанын растады.
«Оқиға туралы ақпарат түскен бойда Білім басқармасының тапсырмасымен арнайы жұмысшы топ құрылып, мектептегі жағдай жедел әрі толық тексерілді. Зерделеу нәтижесінде білім беру процесіне қойылатын талаптардың сақталмауына және білім беру стандарттарына сәйкес келмейтін бірқатар кемшіліктерге жол берілгені анықталды»
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ
Білім басқармасының мәліметінше, видео әлеуметтік желіде тарап кетпестен бұрын анықтау жұмысы басталған. «Бұл — білім беру жүйесіне қойылатын талаптарға қайшы келетін жағдай» деп хабарлады басқарма. Осыған байланысты тексеру басталған. Қызметкерлердің кінәсі анықталған тәртіптік және заңда көзделген өзге де шаралар қабылданбақ. Қажет болған жағдайда материалдар құқық қорғау органдарына жолданады.
Дилара Иса






