Түркістан облысының полицейлері көлік құралын басқару құқығынан айырылса да, темір тұлпарды тізгіндеп бара жатқан ер адамды ұстады. Қазығұрт полиция бөлімінің кезекші бөліміне учаскелік полиция қызметкерлерінен кешкі сағат жетіге жуық уақытта қызмет атқару кезінде жарық шамдарын жақпаған Audi 100-ді тоқтатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Тексеру кезінде тәртіп сақшылары жүргізушінің көлік құралын басқаруға құқығы жоқ екенін анықтады. Бірақ ең сорақысы, ер адам мас болған.
«Қазығұрт полицейлері жол ережесін бұзушыны медициналық куәландыруға алып келіп, жүргізушінің мас екенін растады. Сонымен қатар, ер адамның көлікті ұрлап кеткені анықталды. Қазығұрт ауылы көшелерінің бірінде күдікті иесі дүкенге кіріп кеткенде қараусыз қалған автокөлікті байқаған. Осы сәтті пайдаланып, мас жүргізуші бөтен көлікке отырып, оқиға орнынан қашып кетті. Аталған факті бойынша «автомобильді немесе өзге де көлік құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену»бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Сондай-ақ, жүргізуші көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін жауапқа тартылады. Жиналған материалдар қазіргі таңда Қазығұрт аудандық сотына заңды шешім қабылдау үшін жіберілді.
Әлихан Файзханов