Жол техникалары қыс мезгіліне дайын ба?

52

Шымкентте жол техникаларының қысқа дайындығы пысықталды. Тексеріс жүргізген қала әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетовтың айтуынша мегаполис төтенше жағдайға 100% дайын. Оңтүстікке қар қалың түспейтінін айтқан әкім орынбасары жол көліктері де жеткілікті дейді.

Биылғы қысқа толық дайынбыз деген Ерболат Тасболатовтың Шымкент көшелерін қардан тазартып келе жатқанына шамамен 17 жылдан асқан. Өз ісін жақсы көретін ол қалада ақұлпа жауған күні уақытқа қарамай жұмыс істейміз дейді. Мегаполис тұрғындарына жайлы орта қалыптастыру мақсатында еңбек етететін маманның айтуынша, олар жолды тұрақты түрде тазалайды екен.

Ерболат Тасболатов, жүргізуші: «Міне, дайынбыз. Қар жауса тазалаймыз. Халық жұмысқа барғанға дейін жүз пайыз тазалап, сыпырып қоямыз. Қар қалай жауса жұмысқа шығып кетеміз ғой».

Алдағы жоспар бойынша 1040 шақырымды құрайтын 315 көшеде қар тазалау жұмыстары жүргізіледі. Ал ол үшін Шымкентте 32 бағытта қалалық коммуналдық-техникалық қызмет бар. Онда 684 бірлік техника және жеке құрамда 1901 адам жұмыс істейді екен. Көлік жүргізушілерінің айтуынша қар тазартуға арналған құрылғылар үш функцияны бірден атқарады. Яғни, заманауи көліктер бір жүріп өткеннен қарды тазалайды, сыпырады және құм себеді екен.

2020 жылы шығарылған су жаңа көліктер Шымкент көшелерінің қарын тазалауға сақадай сай. Көріп тұрғандарыңыздай бұл қарды тазалайтын күрегі. Стандартқа сай 3 метр және қиғашынан орналасуы керек. Сондай-ақ, бұл автокөліктер бір ерекшелігі қысы-жазы жұмыс істеуінде. Яғни, қыста қар тазаласа, ал жаздың күні жерге су себеді екен.

Әр техника мен жасақтарының дайындығын, олардың инертті материалдарының бар-жоғын тексерген қала әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетов қыс мезгіліне 100 пайыз дайынбыз деді. Сондай- ақ, төтеншеліктер барлық оқыс жағдай кезінде қала халқын құтқаруға дайын екенін айтады.

Мәулен Айманбетов, Шымкент әкімінің орынбасары: «Ең бастысы сол жердегі тұрғындарды уақытылы апатты аумақтан шығару мәселесі. Егерде осындай бір қауіпті қар не жаңбыр жауып жатса, сілкініс болса, апатты жағдай болған кездегі бұл жердегі барлық техниканың мысалы қалып қалған адамдар болып жатса, оларды шығару дер кезінде көмек беру керекпіз».

Бүгінгі таңда 5000 тоннадан аса тұз бен 22000 м3 тан аса құм дайындалып үлгеріпті. Дегенмен, инертті материалдар қорын толықтыру жұмыстары әлі де жалғасуда дейді төтеншеліктер.

Мөлдір Ибадуллаева