2021 жылғы 22 қарашада Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков «Өңір» депутаттық тобының мүшелері-сенаторлар Ерік Сұлтанов, Әлімжан Құртаев және Алтынбек Нұхұлымен бірге Екібастұз қаласында жұмыс сапарымен болды. Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Олег Крук және Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаев қонақтарды қалада жеке тұрғынүй құрылысы салынып жатқан инфрақұрылыммен таныстырды. Олар жеке тұрғынүй құрылысы үшін 1 мың гектар және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру үшін 1 млн. гектарға жуық жерді игеру бойынша өңірдің қолда бар әлеуетін атап өтті.
Сенат депутаттары жергілікті билік өкілдеріне оңтүстік өңірлерден қоныс аударушылар үшін учаскелер бөлу мүмкіндігін қарастыру туралы өтініш білдірді.
Соңынан Екібастұз қаласының әкімдігінде азаматтарды еліміздің жұмыс күші артық өңірлерінен жұмыс күші тапшы өңірлеріне көшіру мәселелері бойынша кеңес өтті.
ҚР Парламентінің сенаторлары Е.Сұлтанов, А. Құртаев және А. Нұхұлы өз сөздерінде өңір басшылығын қоныс аудару, тиісті тұрғын үй жағдайларын жасау, сондай-ақ жаңадан келген азаматтар үшін жұмыс орындарын ұсыну бойынша жұмысты жандандыруға шақырды. Қазіргі уақытта ҚР Парламенті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына өзгерістер енгізу бойынша тиісті жұмыс жүргізуде, бұл болашақта жергілікті билікке қоныс аударушылар үшін жер учаскелерін бөлуге мүмкіндік береді.
Талқыланған тақырып аясында З.Тұрысбеков Шымкент қаласындағы «Асар» агроқалашығы жобасының, сондай-ақ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жүзеге асырып жатқан Ақмола облысының Аршалы ауданындағы «Тұрғын үй және жұмыс» жобасының табысты іске асырылуы туралы айтып берді.
З.Тұрысбеков «Асар» әдісімен тұрғын үй салу үшін жер учаскелерін берген жағдайда 2000-нан астам жас отбасы Павлодар облысына көшуге дайын екенін хабарлады. Бұл ретте олардың көпшілігі өңірде сұранысы жоғары мамандықтарға ие екені аталып өтті.
Болашақта Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы еліміздің солтүстік өңірлеріне ондаған мың отбасының қоныс аударуын ұйымдастыруға өз үлесін қосуға дайын.