5 қабаттан құлаған 16 жасар қыз қайтыс болды

284

Шымкент қаласында 20 қараша күні түнгі 23:00 шамасында Асар-2 шағынауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің бесінші қабатынан жасөспірімнің секіріп кеткен туралы хабарланған еді. 16 жасар бойжеткен жедел түрде ауруханаға жеткізілген. Алайда бүгін қыздың отбасына қайтыс болды деген қаралы хабар жетті.

20 қараша күні түнгі 23:00 шамасында Асар-2 шағынауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде 5 қабаттан жасөспірімнің құлап кеткені хабарланған еді. 16 жасар қыз түрлі дене жарақатымен, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Бойжеткеннің көршілері «мұндай жағдайға не түрткі болғанын білмейміз, себебі үлгілі отбасылардың бірі еді» дейді.

Айгүл Кораласбаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Оқиға енді кеше кешкісін сағат 23:00 қарай болды. Болғанда бәріміз шок болдық. Ешқайсысымыз есімізді жинай алмай отырмыз. Бәріміз уайымдап отырмыз. Бұл отбасын мен өзім үлгілі отбасы ретінде білемін, танимын. Әке-шешесі өте тәртіпті-тәрбиелі отбасы өздері. Қазір шыны керек үйдің бәрі уайымдап отырмыз. Өзі намаз оқиды, хиджабта жүретін, әке-шешесі де жақсы, ішпейді, шекпейді».

Нұржамал Телегенова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Осы жерде көрші боп тұрамын. Осы маған қарама-қарсы 5-қабат ғой. Кеше кешкісін естідік. Енді танысып жатырмыз ғой енді, бірақ жақсы ата-анасы бәрі, көпбалалы ана-әке».

Медицина мамандарының көмегіне қарамастан, 16 жасар қыз бүгін күндіз қайтыс болған. Дәрігерлер жасөспірімде бас-ми жарақаты, ішкі жарақаттар, ішкі қуыстардың жарақаты және ауыр дәрежедегі травматикалық шок болғанын айтады.

Лаура Нахыпқызы, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы: «20 желтоқсан күні сағат түнгі 10:50 Асар шағынауданынан көпқабатты үйлердің бірінен жедел-жәрдем қызметіне қоңырау келіп түскен. Қоңырауда 2005 жылғы жасөспірімнің жоғарғы қабаттан құлап кеткені айтылған. Оқиға орнына барған жедел жәрдем қызметкерлері ауыр халде жасөспірімді Асардағы қалалық клиникалық балалар ауруханасына жеткізді. Бірақ медициналық көмекке қарамастан жасөспірім бүгін сағат 11:15-те қайтыс болды».

Оқиға Қылмыстық Кодекстің 105-бабының 3-бөлігі, яғни кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабы бойынша тіркеліп отыр.

Мөлдір Бекеева, Шымкент қаласы ПД ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы: «Аталған жайт Қаратау ауданы Полиция басқармасының қызметкерлерімен ҚР ҚК 105-бабының 3-бөлігі ЯҒНИ кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу БАБЫ бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне-де тіркелді. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде сәйкес жария етуге жатпайды».

Қалалық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ, оқиғаның қандай себеппен болғаны анықталып жатыр. Ал кейбір бейресми мәліметтерге сүйенсек, қыздың мұндай қадамға баруына отбасындағы кикілжің себеп болуы мүмкін екен.

Гүлдана Дәурен