Шымкент: Аурухана жаңа құрылғымен толықты

118

Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық аурухана жаңа құрылғымен толықты. Айтулы мекемеде енді науқастарға шұғыл көмек көрсету үшін компьютерлі-томография жұмыс істейді. Ал бұған дейін дәрігерлер науқастарды компьютерлі-томографиялық зерттеуден өткізу үшін басқа ауруханаға жіберіп келген екен.

 

№1 қалалық клиникалық ауруханада компьютерлі-томография аппараты іске қосылды. Мамандардың айтуынша ауруханаға әкелінген жаңа аппарат науқастардың дертін тез арада анықтап, шұғыл көмек көрсетуге үлкен септігін тигізеді екен.

Медеу Исаев, №1 қалалық клиникалық аурухананың компьютерлі-томография зертханашысы:»Бізге қазір жедел түрде науқас түсті. Науқастың давлениесі өте жоғары боп келіп тұр. Біз соған инсульт бар ма анықтау үшін түсіреміз.  Бұл науқас инсультке күдікті ретінде  неврологтар жіберіп жатыр.  Түсіруі 2-36 минут, диск-снимкасын 5 минутта дайындап береміз. Қасындағы санитаркаға қосып, снимкасын беріп жібереміз, ары қарай врачтар өздері көре береді».

Бұған дейін аталған ауруханада компьютерлі томография құрылғысы болмаған. Дәрігерлер инсультпен түскен науқастарды шұғыл тексеру үшін жедел-жәрдеммен басқа мекемеге жіберіп, уақыт жоғалтатын едік дейді.

Дастан Утепов, №1 қалалық клиникалық аурухананың инсульт орталығының аға дәрігері: «Бұл аппарат біздің ауруханаға жаңадан құрылды. Өте жылдам, тез арада диагностикалық мәлімет береді. Науқастарға өте үлкен септігін тигізеді. Өйткені ишемиялық түрдегі инсульт болған жағдайда біз міндетті түрде тромболистік зерттеу жасап, науқасқа оңтайлы көмек көрсетеміз».

Аталған аппарат мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жеке инвестордың қаражатына орнатылған көрінеді. 10 жылға кепілдігі бар құрылғының құны 250 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ, инвестор ауруханаға бұған дейін ультра-дыбыстық зерттеу, маммограф апараттарын да орнатып берген.

Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:  «Бұрын-соңды бұл ауруханада болмаған комптютерлі-томограф аппаратын біз орнатып отырмыз. КТ аппараты бұл – 128 тілікті кт, АҚШ-тан әкелген аппарат. Бір ерекшелігі – №1 ауруханаға жедел-жәрдеммен келген немесе өзі келген, жоспарлы түрде келген науқастар үшін тегін КТ зерттеуін жасайды. Бұл жерде мынадай қондырғы бар. Бұл Байер компаниясының қондырғысы. Бұл яғни ауыр жағдайда түскен науқастар болса, біз дереу арада ол жерге контраст жібере аламыз».

№1 клиникалық ауруханаға 1 тәулікте түрлі жағдаймен 200-ден аса науқас түседі екен. Дегенмен олардың ішінде инсультпен келіп түсетіндер саны бұрынға қарағанда едәуір азайған.

Айта кетейік, үшінші мегаполисте жаңа құрылғыны қосқанда жалпы саны 22 компьютерлі томография аппараты бар.

                                                                                                      Гүлдана Дәурен