Шымкентте дабыл жүйелері тексеріледі

112

Шымкентте 21 желтоқсан күні сағат 10:00-де Төтенше жағдайлар министрлігінің дабыл жүйесіне республикалық тексеру басталады.

Бүкіл қала бойынша «Баршаға назар аударыңыз» сигналы естіледі. Бұл туралы Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінен хабарлады.

«Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Ю.В.Ильиннің бұйрығымен 2021 жылдың 21 желтоқсанында сағат 10.00-де азаматтық қорғау органдарының хабарлау жүйесіне Республикалық тексеру жүргізілуде», – деді Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс бөлімінің офицері Зиядинов Шыңғыс.

Бұл күні қалада қысқа уақытқа электр сиреналары мен дауыс зорайтқыштарды қосу, сондай-ақ теле-радио арналардың эфирін тоқтату, интернет-ресурстар мен «Darmen» мобильді қосымшасында ақпараттар орналастыру күтілуде.

«Сонымен қатар қауіпті өндірістік объектілерді, гидротехникалық құрылыстарды – су қоймаларын және т.б. ескертумен қамту жоспарлануда», – делінген Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.

Ескерту жүйесін тексерудің мақсаты халыққа ықтимал қауіптер мен төтенше жағдайлар туралы ақпаратты уақтылы жеткізуді пысықтау болып табылады.

Шымкент қалалық ТЖД қала тұрғындары мен қонақтарын сабырға шақырып, үрейленбеуге шақырады.