Шымкент қаласында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Аялы алақан» мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы ашылды. Онда тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ауытқуы бар 18 жасқа дейінгі балаларға толық стационарлық жағдайда әлеуметтік, тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық, құқықтық қызмет көрсетіледі.
Орталықтың ашылу салтанатына Б.Нарымбетов бастаған мәслихат депутаттары және Абай ауданының әкімі Б.Парманов қатысты.
— Әлеуметтік және зайырлы қоғамның басты міндеті – ерекше жағдайдағы азаматтар мен балаларға қолдау көрсету. Осыған орай бүгін мүгедек балаларды оңалту орталығының жаңа ғимаратын пайдалануға беріп отырмыз. Мұнда ерекше жағдайдағы балаларды қоғамға әлеуметтік бейімдеу және оңалту жұмыстары жүргізіледі. Орталықта стационар жағдайда 40-қа жуық балаға қызмет көрсетеді, — деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Б.Нарбекова.
Медициналық-әлеуметтік мекеме ем-шаралық, спорттық және өзге де қызмет көрсететін бөлмелермен жабдықталған. Жаңа орталық Самал-3 шағын ауданы № 928/1 мекенжайында орналасқан.
Айта өтсек, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты 8 арнаулы әлеуметтік орталықтар бар. Онда биыл 2 094 адам оңалту шараларымен қамтылуда. Оның ішінде: стационар жағдайда –835 азамат, жартылай стационар жағдайда – 312 азамат, үйде қызмет көрсету жағдайда – 718 азамат.