«Silkway Alliance» өндірістік паркі ашылды

179

Шымкентте шағын бизнесті қолдауға арналған өндірістік парк ашылды. «Іскер қала» бағдарламасының аясында жүзеге асырылған пилотты жоба – кәсіпкерлерге инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған, дайын алаңдарды ұсынады. Шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған өндірістік парктің жұмысы жоғары деңгейде.

Үшінші мегаполисте шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік беретін «Silkway Alliance» өндірістік паркі ашылды. Шымкенттегі «Тассай» индустриялық аймағының жанынан іске қосылып отырған жоба көптеген кәсіпкерге жаңа мүмкіндік сыйлап отыр. Түймегүл Әбдиева қазақтың ұлттық ою-өрнегін қайта жаңғыртып жүрген жандардың бірі. 2 жылдан бері өз кәсібін дөңгелетіп отырған Түймегүл ханым бұл жоба әрбір кәсіпкер үшін өте тиімді дейді.

Түймегүл Әбдиева, жеке кәсіпкер: «Мықты қатты велюр матасынан қазақи ұлттық нақыштағы заманға сай шоппер-сөмкелерді тігемін. Және әйелдерге лайықталған тюрбан орамалдарын тігеміз. Әр қыз баласына арналған әдемі оюланған ободактар тігудемін».

Мүталхан Байырбеков те бизнес бастау бойынша мемлекеттен грант жеңіп алған. 4 жылдан бері домбыра жасайтын шебер аталған жоба аясында өз шеберханасына қол жеткізіп отырғанын айтты.

Мүталхан Байырбеков, жеке кәсіпкер: «2019 жылы «Атамекен» бастау бойынша грант жеңіп алдық мемлекет тарапынан. Содан бері кәсібімізді кеңейтіп үлкейтіп, міне осы домбыраларды, қазақтың ұлттық мәдени мұрасын қазір жасап жүрген жағдаймыз бар».

Өндірістік парк – «Іскер қала» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып отыр. Бағдарламаның бірінші кезеңінде 15 жобаны қамту жоспарланып отырған көрінеді. Бүгінде 8 жоба толық орналастырылып, жаңа жұмыс орындарымен 69 адам қамтылған. Өндірістік парктің ашылу салтанатына қала әкімі Мұрат Әйтенов те қатысты.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Біріншіден, құттықтаймыз. Осы Силкуей Альянстың басшыларына үлкен алғыс айтамыз. Біздің сұранысқа қол ұшын жалғап, бізбен бірге осыны ашқанға. Бізге қуаныш, осындай жобалар Шымкент қаласында ашыла берсін».

Парктің жалпы аумағы – 4,4 гектар. Оның 3 мыңға жуығы өндірістік алаңдар үшін, ал 1 мыңнан астам текше метр кеңсе алаңы үшін жалға берілмек. Шаһар басшысы мұнымен қоса қалада шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған басқа да мемлекеттік бағдарламалардың сәтті жүзеге асырылып жатқандығын айтты.

Гүлдана Дәурен