«Тәуелсіздік құрдастарынан тарту»

147

Жас шәкірттер мен мамандар тәуелсіздікке тарту жасайды. Бүгін №28 жалпы орта мектебі егемендікке арнап, мерекелік іс-шара өткізді. Ондағы мақсат азаттықтың құнын жас ұрпаққа жеткізіп, патриоттық сезімін ояту.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай №28 жалпы орта мектебінде іс-шара ұйымдастырылды. Онда ата-баба аңсаған азаттықтың оңай жолмен келмегенін өскелең ұрпаққа жеткізу үшін патриоттық әндер шырқалып, желтоқсанда қыршынан қиылған боздақтарға арналған қойылым көрсетілді.

Роза Молдабекова, «№28 жалпы орта мектеп» КММ директорының әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары: «Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы шыққан жалындаған жастарымыздың бүгінгі жастарға сол кісілердің рухыменен, сол кісілердің ерлігі туралы жеткізгіміз келді. Жалпы 30 жұлдызды күн бағдарлама аясында біздің мектебімізде көптеген іс-шара өтіп жатыр».

Бастауыш сынып оқушыларынан бітіруші түлектерге дейін іс-шараның жоғары деңгейде өтуі үшін атсалысты. Жалындаған жастармен қоса, білім мекемесінің 30 жас маманы егемендікке тарту ретінде өздерінің өнерін көрсетті.

Сандуғаш Лесбек, мұғалім: «Мен Тәуелсіздіктің құрдасымын. Биыл мектебімізде тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай көптеген ауқымды іс-шаралар 1 ай көлемінде жүргізіліп жатыр. Бүгінде жас маман ретінде көптеген үлгілі, тәжірибелі мұғалімдерден аларымыз өте көп».

Ернар Райымқұл, 11 сынып оқушысы: «Бүгінгі іс-шара мектебімізде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып жатқан іс-шара болады. 16 желтоқсанда сіздер білесіздер, 1986 жылы қаншама жастарымыз ол жерде қаза тапты және де соларды еске түсіріп тәуелсіздігімізді тойлап жатырмыз».

№28 жалпы орта мектебінің бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері де аз емес. Білім ордасының шәкірттері спорт пен білім сайыстарынан облыстық және республикалық жарыстардан жүлделі орындармен оралып, есімдерін елге шығарып жүр.

Әлихан Файзханов