Желтоқсаншылар наразылық оқиғасын еске алды

305
фото Абай.кз

Тәуелсіздік күні қарсаңында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы да ұмыт қалмады. Алматыдағы алаңға жиналып, Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысын ауыстыру туралы орталықтың шешіміне қарсы шыққандар арнайы форумға қатысты.

Желтоқсан оқиғасында бас көтеріп сөз сөйлегендер, кейін қудалауға ұшыраған еді. Тәуелсіздікке жеткізген сол желтоқсаншылар өз естеліктерімен бөлісті.

Осыдан 35 жыл бұрын болған оқиға әлі көз алдымда дейді Желтоқсан қатысушысы Сәбит Исабеков. Жаппай наразылық оқиғасына қатысқаннан кейін ол 4 жылға сотталып кеткен. Дегенмен Сәбит Исабеков, өзі үшін Алматы алаңы әрқашан ыстық екенін айтады.

Сәбит Исабеков, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қатысушысы: «Қазіргі түрмедей емес тұғын. Қараңғы жерде 12 сағат жұмыс істейтін едік. Қара нан мен қара су ішіп жатқанбыз. Халық жауы атанып кеткеннен кейін бізді сондай жағдайда ұстаған. Енді сондай жағдайда да аман қалдық. Бір Алланың күші. Содан кейін өзіміздің өмірге деген сезіміміз күшті болды. 2,5 жыл түрмені ақтап шықтық. Денсаулықтан айырылдық әрине».

1986 жылы мыңдаған қазақстандық әділеттілік талап етіп Алматы көшелеріне шыққан. Көтерілістің соңы қақтығысқа ұласып, жастарды тұтқындаумен және бірнеше қылмыстық істермен аяқталған. Тек он жылдан кейін ғана әділетсіз жауапқа тартылғандар ақталып шықты. Өкінішке орай олардың кейбірі – қайтыс болғаннан кейін ақталды. Ресми мәліметтер бойынша, сол уақытта 168 адам қайтыс болған және олардың көп бөлігі – жастар еді.

Шымкентте өтіп жатқан форум ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Қатысушылар атышулы оқиғаның маңыздылығын атап өтіп, желтоқсаншылардың ерлігіне тоқталды.

Алтынбек Длсадиев, ерікті-ұйымдастырушы: «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар, олар бастарынан не өтті, қандай қиыншылықтар көрді, басынан өткен оқиғаларын айтып беретін болады. Бұндай форум алғаш рет өтіп жатыр. Қала әкімінің тапсырмасымен өтіп жатқан форумның бірі».

Шымкентте өскелең ұрпаққа естелік ретінде аллея салынады. Онда арнайы тақталарға Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың есімдерін жазу жоспарланып отыр.

Гүлдана Дәурен